26.12.2006, 10:09 2594

Тұрғын үйлердің иелері "Алматыжерді" заңсыз әрекеттерге барып отыр деп айып тақты

АЛМАТЫ. 26 желтоқсан. Kazakhstan Today. Тұрғын үй иелері "Алматыжер" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын заңсыз әрекеттерге барғаны үшін айып тағып отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Кеше Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Абай даңғылының оңтүстігіндегі бұзылатын үй иелері мен олардың қорғаушылары коммуналдық кәсіпорнынның мүлікті бағалауға аты түгіл заты жоқ ЖШС-ін тартты деп айыптады. "Құпия бағалаушы жұмысқа тартылды. Оның кеңсесін біз іздеп таба алмадық. Сөйтсек, ондай компания тіпті жоқ екен",-деді кәсіпкерлер мен меншік иелерінің құқығын қорғау одағының президенті Василий Резван.

Сонымен қатар, қорғаушының айтуынша, "Алматыжер" бағалаушыны шақыру үшін тендер жүргізбеген. "Ал сот материалдарынан біз келісімге "Алматыжер" емес, құрылыс жүргізуші компания қол қойғанын анықтадық",-деді Резван.

Үй иелері баспаналарының қиратылғаны үшін берілетін өтемақыға көңілдері толмай отыр. "Біз қаламыздың бейнесінің көркемделе түскеніне қарсы емеспіз. Дегенмен, бір де азаматтың құқығын аяқ асты етпеуіміз керек. "TSC құрылыс" компаниясының өкілдерінің ұсынып отырғандары ақылға сыймайды",-деді жер телімінің иесі Зәкеш Садырқұлова.

Сонымен баспасөз мәжілісіне қатысушылардың айтуынша, "BG Consulting" ЖШС-нің лицензиясы жоқ. Ол төрт соттық жері бар үш бөлмелі үйді 35 мың долларға бағалаған. "Алайда сотта лицензиясы жоқ компанияның бағасы қабалданған",-дейді үй иесі Анна Жуковская.

Қазақстан бағалаушылар палатасының мүшесі, бағалау және құрылыс академиясының доценті Борис Гузевтің пікірінше, бағалау бастапқыда дұрыс жүрмей жатыр. Өйткені құлатылған бір-екі қабатты ғимараттардың орнына көп қабатты үйлер салынып жатыр". "Алматыжерде" жұмыс істейтін бағалаушылардың барлығы құлатылатын үйлердің құнын түсіріп отыр. Олар нарықтағы ауытқушылықты назарға алмайды",-дейді ол.

"Жеке меншік компаниялардың мемлекеттік қажеттілікті алға тартып, үстеме пайда көру үшін жерді тәркілеп алу әрекеттері таза рейдерлікке жатады",-деп түйіндеді сөзін В. Резван.

"Мемлекеттік "Алматыжер" коммуналдық кәсіпорны Алматы қаласы әкімінің жанындағы арнайы ұйым. Кәсіпорын құрылыс жұмыстарымен қоса 2004 жылдың 14 маусымынан бастап мемлекеттік қажеттілік үшін жер алумен айналысып келеді. Бұл міндет "Алматыжерге" Алматы қаласын 2020 жылға дейін көркейту жөніндегі бас жоспарға сай жүктелген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны