22.12.2006, 15:53 2970

Түрікменстандағы ахуал тұрақты - Қазақстан елшілігі

АШХАБАД. 22-желтоқсан. Kazakhstan Today. Қазіргі жағдаймен Түрікменстандағы ахуал тұрақты, деп мәлімдеді Қазақстанның Ашхабадтағы елшісі Мұрат Атанов Kazakhstan Today тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.

"Қазіргі жағдаймен ахуал тұрақты әрі тыныш",- деді М.Атанов.

Оның айтуынша, кәсіпорындар жұмыс істеуде. Түрікменбасы қайтыс болды деген суыт хабардан кейін бірден жабылған дәмханалар мен мейрамханалар бүгін ашылды. "Ирине, ондай орындарда музыка ойнауға және спиртті ішімдіктерді сатуға тыйым салынған",- деді елші. Қаладағы көліктер саны күндегіден әлдеқайда аз. Бұл, елшінің пікірінше, елде қаралы күндер жариялануға және Түрікменстан азаматтарының аза тұтуына байланысты.

Түрікменстанынң мемлекеттік телеарнасы Сапармұрат Ниязовтың атқарған істері мен жетістіктері жайында әңгімелейтін хабарларды таратуда.

Түрікменстандағы Қазақстан елшілігі қалыпты режимде жұмыс істеуде.

М.Атанов 21-желтоқсанда министрлер кабинеті мен Түрікменстанның мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің бірлескен отырысы өткенін, онда елде тұрақтылықты сақтау шаралары қаралғанын еске салды. "Онда ұлттың өз жетекшісінен айрылғаны және халықтың бекем болуы қажет екені айтылды",- деді елші.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Түрікменбасын жерлеу рәсімі 24-желтоқсанда өтеді. "Қоштасу рәсімі Президент сарайында өтеді. Ал Сапармұрат Атайұлы Ашхабадтан бес шақырым жердегі Қыпшақ қыстағында жерленеді. Онда сәулетті кесене тұрғызылған. Кесенеде президенттің Ұлы Отан соғысы жылдарында опат болған әкесі, сондай-ақ, 1948-жылғы жер сілкінісінен қаза тапқан анасы мен екі ағасы мәңгілікке жай тапқан",- деді елші.

М.Атановтың айтуынша, Түрікменстан жетекшісін жерлеу рәсіміне Қазақстан өкілдері де қатысады. "Қазақстан өкілдері міндетті түрде келеді", деп сендірген елші рәсімге дәл кімнің келетінін ашып айтпады. "Қазір бұл мәселе дәйектеліп жатыр", деді ол.

М.Атанов сонымен бірге Түрікменстанға көңіл айтқан жеделхаттар легі ағылып жатқанын жеткізді. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязовтың қайтыс болуына байланысты Түрікменстан президентінің міндетін атқарушы Гурбангулы Бердымұхаммедовке көңіл айтып жеделхат жолдады. "Сапармұрат Атайұлы Отанының игілігі жолында еңбегі сіңген, түрікмен халқының көрнекті өкілі, көреген саясаткер болатын. Ол тәуелсіз Түрікменстанның мемлекеттілігін қалыптастыруда және нығайтуда, елдің экономикалық әлеуетін дамытуда шешуші роль атқарды", делінген жеделхатта.

Елші сонымен қатар Түрікменстанның халық мәслихатының (Халықтық кеңес) отырысы 26-желтоқсанға межеленгенін хабарлады. Түрікменстан ата заңына сәйкес, дәл осы Халықтық кеңес кезекті президент сайлауын белгілейді. Қазақстан елшісінің айтуынша, Түрікменстанның жаңа президентінің сайлауы екі айдан кейін өтуге тиіс.

"Сайлауға дейін Түрікменстан президентінің міндетін атқарушы болып министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Гурбангулы Бердымұхаммедов тағайындалды",- деді ол.

Түрікменстандағы жергілікті БАҚ-тарда бүгін Гурбангулы Бердымұхаммедовтың мәлімдемесі жарық көрді. Онда Халықтың кеңес президенттікке ұсынылған барлық кандидатураларды қарайтыны айтылған. "Жалпыхалықтық президент сайлауы демократиялық негізде өтеді",- деп сендірді мемлекет басшысының міндетін атқарушы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ресми ақпаратқа сәйкес, Сапармұрат Ниязов 21-желтоқсанда жүрегі тоқтап қайтыс болған. Ол 66 жаста еді. С.Ниязов 1991-жылдан бері ел президенті болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны