12.07.2006, 14:29 2926

Үйлері қиратылған Бақай ауылының тұрғындары президенттен Алматы қаласының әкімін орнынан алуды өтінуде

АЛМАТЫ. 12-шілде. Kazakhstan Today. Үйлері қиратылған Бақай ауылының тұрғындары президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовты қызметтен шеттетуді сұрады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Құрметті президент мырза, бізді құйтақандай ғана жерімізден айырып, балаларымызды баспанасыз қалдырған өз әкіміңізді Астанаға алып кетуіңізді өтінеміз”,- делінген хатта.

“Біз сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан шенеуніктердің құрбанымыз. Олар бізді баспанамыздан айырды. Біз бұл үйлерді бар жиған-терген қаржымызға тұрғыздық. Сол үшін тіпті бала-шағамызды ас-судан да айырдық. Бір ғана Бақай ауылында 350-ден астам үй бұзылды”,- дейді тұрғындар.

“Президент мырза, егер сіз біздің осы елдің азаматы деп санайтын болсаңыз, онда жерді өзімізге қайтаруды және шеккен шығынымызды өтеп беруді талап етеміз. Ал егер олай деп санамасаңыз, онда бізді Қазақстаннан қудалап жіберіңіз”,- делінген хатта.

Сонымен бірге Бақай тұрғындары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының Алматыдағы орталығына хат жолдап, онда баспанасыз қалған адамдарға қайырымдылық көмек көрсетуді сұрайды. “Тазалық талабына мүлдем сай келмейтін жағдай қалыптасты. Адамдар аптап ыстық пен жаңбырдан қорқуда. Су мен жарық жоқ, дәрі-дәрмек қажеттігі туындады. Біздің жергілікті құрылымдарға жолдаған өтініштеріміз жауапсыз қалып отыр”,- делінген хатта.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 7-шілдеде Алматыдағы Бақай ауылында жерді білермендікпен басып алу арқылы салынған үйлер қиратылған болатын.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны