Үкімет басшысы ҚР білім және ғылым министріне 2008 жылдың 1 қыркүйегінде Астанада екі жаңа интеллектуалдық мектепті ашуды тапсырды (толықтырылған нұсқа)
Астана. 13 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ҚР білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевқа 2008 жылдың 1 қыркүйегінде Астанада екі жаңа интеллектуалдық мектепті ашуды қамтамасыз етуді тапсырды. Мұндай тапсырманы ол бүгін өткен үкіметтің отырысында жүктеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
"Мен бірінші президенттің мектебін құруға байланысты нормативтік-құқықтық актілердің блогын қабылдау жөніндегі қаулыға қол қоямын. Олар қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін осы мәселені атқарылыуын қадағалау жауапкершілігі тікелей өзіңізге жүктеледі", - деді Кәрім Мәсімов Ж. Түймебаевқа қаратып айтқан сөзінде. "Астанадағы алғашқы екі мектепті осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін салып бітіру керек, жаңа оқу жылының бірінші күні оны Елбасы ашуы қажет", - деді ол.
"Шешім нақты орындалып, адамдар оны көріп куәгер болуы керек", - деді үкімет басшысы.
Бұдан бұрын еліміздің білім және ғылым министрі президенттің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда 20 интеллектуалдық мектеп құру жөніндегі жоба жүзеге асырыла бастағанын хабарлаған. "Жоба үш жылда жүзеге асырылады деп есептелген, интеллектуалдық мектептерде ең таңдаулы білім беру тәжірибесі бойынша жасалған мүлдем жаңаша оқу жоспарлары болады, бұл мектептердің түлектері оқу нәтижесі бойынша әлемнің кез-келген жоғары оқу орнына түсе алатын болады", - деді министр.
"Бұл мектептерді басару үшін мемлекеттің жүз проценттік қатысуымен "Өркен" АҚ құрылады, сондай-ақ, орта білім беру саласындағы менеджмент бойынша шетелдік компанияны тарту да жоспарда бар", - деді ол.
Министрдің нақтылауынша, республикалық бюджеттік комиссия бұл жобаны қаржыландыру шығындарын қолдады. ""Өркен" АҚ құру үшін 1,3 млрд теңгелік жарғылық капиталды қалыптастыру мақсатында үкіметтің резервінен қаржы бөлу көзделген. Бұл қаражатқа интеллектуалдық мектептерді басқаруды қамтамасыз ететін бағдарламалық қамтамасыздық жобасы, олардың тұжырымдамасы мен контент жобасы жасалып, ұстаздар шетелдерде білімдерін шыңдап, Астанадағы екі интеллектуалдық мектеп жабдықталады, мектептер 1 қыркүйекте ашылады", - деді Ж. Түймебаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, үкіметтің резервінен тағы да 1,04 млрд теңгені 2008 жылы Астанада 1200 орынға есептелген мектеп құрылысын аяқтауға бөлінеді.
"Алдағы уақытта бұл мектептер дарынды балаларды оқытуға грант бөлу түрінде мемлекеттік тапсырыспен қаржыландырылады", - деді ол. Министрдің айтуынша, интеллектуалдық мектептердің 1 - 6 сынып оқушылары "оқыту шығындарын жарым-жартылай өтейді". "Байқауда іріктелген 7-11 сынып аралығындағы кедей отбасылардан шыққан балалар үшін грант мөлшері шығынның 100%-ын құрайды", - деді Ж. Түймебаев.
Оның айтуынша, бұл мақсатқа (2008 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауда) Астанадағы екі мектеп үшін 279,8 млн теңге қарастырылады.
Министрдің айтқанындай, интеллектуалдық мектептер "физика-математикалық, химия-биологиялық бағыттағы", яғни, жаратылыстық-математикалық цикл пәндері бойынша тереңдете оқытуға бағытталады".
Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті