14.02.2007, 17:35 2985

Үкімет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығына концессиялар туралы заңның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға нұсқау берді

ШЫМКЕНТ. 14-ақпан. Kazakhstan Today. Бүгін түстен кейін жұмыс сапарымен Шымкентке келген үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығына концессиялар туралы заңның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға нұсқау берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Шымкент әуежайына келе сала үкімет басшысы ұшу-қону жолағын, әуе қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін жаңалау жобаларын, сондай-ақ, әуежай ғимараты мен оған жапсарлас жатқан жерлерді реконструкциялау жөніндегі құны 6 млрд теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыру барысымен танысты.

"Біз әуежайды жаңалау жобасын қолдаймыз",- деді үкімет басшысы. Бірақ ол облыс әкімі Өмірзақ Шүкеевке қаратып айтқан сөзінде "бюджетке ауыртпалық салмауға тырысу" қажеттігін атап өтті. "Елімізде концессиялар туралы заң жұмыс істеуде, соның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет",- деді ол.

2006-2007-жылдарға есептелген ұшу-қону жолағын жаңалау жобасы 5,4 млрд теңгеге бағаланған. Мердігерлер "нысан 2007-жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі және содан кейін Шымкент әуежайы ИКАО стандарттары бойынша бірінші санатқа жатқызылатын болады", деп сендіруде.

Сонымен бірге К.Мәсімовке Қазақстанның оңтүстігінде автожол саласын дамыту бағдарламасының жобасы таныстырылды. Бағдарлама 2006 - 2012 - жылдарға есептелген және оның аясында Алматы - Шымкент - Ташкент, Шымкент - Түркістан - Қызылорда - Орал және Төрткөл - Шәуілдір - Түркестан бағытындағы автожолдар салынады.

Бағдарлама авторларының хабарлауынша, ағымдағы жылы жобаның техника-экономикалық негіздемесі , 2008-жылы - жобалар жасалып, 2009-жылы жүзеге асырыла бастайды.

Алайда облыс әкімі бұның тым ұзаққа созылатынын айтып наразылық білдірді.

"500 млн теңгені биыл Шымкент - Ташкент тас жолына тарту керек", - деді Ө.Шүкеев.

Өз кезегінде үкімет басшысы : "әрине, жолды тарту керек, бірақ расында, менің білуімше, ақша бөлінген. Сол қаржының қайда кеткенін анықтау қажет", - деді К. Мәсімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны