16.03.2007, 16:19 3197

Үкімет "Ойын бизнесі туралы" заңның орындалуына жағдай жасамаған - ойын бизнесі қауымдастығы

АЛМАТЫ. 16-наурыз. Kazakhstan Today. Үкімет "Ойын бизнесі туралы" заңның орындалуына жағдай жасамаған. Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ойын бизнесі қауымдастығының өкілдері осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бүгінгі күнге дейін ешбір қадам жасалмаған. Заңды қабылдауға аптыға асыққанымен, оны жүзеге асыру әдістерін мүлдем ойластырмаған. Бұның бәрі бизнестің үш-төрт жылда құрдымға кетуіне алып келмек",- деп мәлімдеді ойын бизнесі қауымдастығының өкілі Жәнібек Ақбаев.

Қауымдастық өкілдерінің айтуларына қарағанда, ойын бизнесі саласында іс-қызмет жүргізуге лицензия алу тәртіптерін реттейтін нормативтік-құқықтық акт қабылданбаған, ал қазіргі лицензиялардың күші 1-сәуірде жойылады. Сонымен бірге қауымдастық өкілдерінің пікірінше, Қапшағай мен Щучинкіде ойын бизнесі мекемелерін орналастыру мәселесі шешілмеген.

"Заңда бизнесті Қапшағай аймағына көшіру көрсетілген. Алайда Қапшағай аймағының өзі бұған дайын емес, оның үстіне осы аймақтың шекаралары анықталмаған",- деді қауымдастық өкілі Олег Каверин. Оның айтуынша, жуырда Алматы қалалық әкімшілігінде ойын бизнесі мекемелерін көшіру мәселесіне арналған кеңес өтті, алайда, ойынханаларды дәл қай жерге көшіру керектігін "ешкім білмейді".

Ж.Ақбаевтың айтуынша, Алматы облыстық әкімшілігіндегілер де осындай ақпарататн бейхабар. "Егер тіпті 1-сәуірге дейін ойын бизнесі орындарын орналастыратын аумақтың шекарасы нақты айқындалғанымен, осы жерді алу үшін де жарты жыл керек",- деді Ж.Ақбаев.

Сонымен бірге қауымдастық өкілдері ойын бизнесі нысандарын салу құзырын шетелдік инвесторларға беру жөніндегі биліктің шешімімен де келіспейді. "Расын айтқанда, бұл бизнесті көшіру емес, ашылатын ойын бизнесіне ақшасын салатын инвесторлардың мүддесіне оны жабу екенін мойындау керек",- деп мәлімдеді О.Каверин.

Жалпы алғанда ойын бизнесі қауымдастығының пікірінше, заң, "нақты айтсақ, оның орындау мерзімі ойын бизенсін көшіру мен бизнестің бағытын өзгерту мүмкіндіктерін жойып, заңды жүзеге асыруға нақты кедергі келтіруде".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны