06.12.2006, 17:27 3188

Үкіметте мультисервистік ақпараттық-коммуникациялық білім желісін қолдану мәселесі талқыланды

АСТАНА. 6-желтоқсан. Kazakhstan Today. Премьер-министр Даниал Ахметовтың төрағалығымен кеше өткен кеңесте қазақстандық мектептерде мультисервистік ақпараттық-коммуникациялық білім желісін (МАБЖ) қолдану мәселесі талқыланды.

Мультисервистік ақпараттық-коммуникациялық білім желісінің негізін құрайтын аппараттық-бағдарламалық кешен оқу үдерісін жақсарту және мектептердің ішкі және сыртқы өзара іс-әрекеттерін қамтамасыз ету үшін қазірдің өзінде көптеген елдерде табысты пайдаланылуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Арнайы құрылған жұмыс тобы "Интерактивті мектептің" негізгі көрсеткіштерін анықтады, физика, химия және биология пәндері бойынша сандық білім ресурстарының мониторингін жасады. Оған қоса мұғалімдерге арналған үйрету бағдарламасы әзірленіп отыр, жобаның егжей-тегжей есептері жасалуда. Бастапқы кезеңде аталмыш жобаны 3075 мектепте, 206 әдістемелік орталықта, 6 республикалық ұйымда, 17 республикалық ақпараттандыру орталығында және 280 кәсіптік мектепте енгізу жоспарлануда. "Елді мекендердің алыстығын ескере отырып, ҚР ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігі барлық жүйелердің ықпалдастығын қамтамасыз етуі керек", - деп атап көрсетті Д.Ахметов өз сөзінде.

Талқылау барысында үкімет басшысы сондай-ақ, оқу бағдарламалары мен оқулықтардың сапасына айрықша назар аударды.

Үкімет басшысы келісім-шарттық міндеттемелердің орындалуы үшін "Sitronics" компаниясына жауапкершілік жүйесін талдап жасауды тапсырды. Ал білім және ғылым министрлігіне жиналыста айтылған ескертулерді ескере отырып бір апта мерзімнің ішінде "Интерактивті мектеп" бағдарламасы жобасының нақты нұсқасын тапсыруды міндеттеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны