03.07.2006, 16:51 2822

Үкіметтің Каспийдегі экологиялық проблемаларға қатысты көзқарасына парламент депутаттарының көңілі толмайды, жұртшылық теңіз қайраңындағы бұрғылау жұмыстарына қарсылық білдіруде

АЛМАТЫ. 3-шілде. Kazakhstan Today. Үкіметтің Каспийдегі экологиялық проблемаларға қатысты көзқарасына парламент депутаттарының көңілі толмайды. Бұл туралы бүгін Kazakhstan Today ақпараттық агенттігінің баспасөз орталығында өткен қысқаша баспасөз мәслихатында мәжіліс депутаты Нұрпейіс Махашев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Үкіметтің Каспийдегі экологиялық проблемаларға қатысты көзқарасына парламент депутаттарының көңілі толмайды. Ал Каспий - шын мәнінде бірегей теңіз”,- деп мәлімдеді Н.Махашев.

Қоғамдық қозғалыстар мен бірлестіктер осыған байланысты Каспий қайраңында мұнай ұңғыларын бұрғылауды толық тоқтатуды талап етеді. Мәселен, “Табиғат“ экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтың айтуынша, “эколог мамандар Каспий қайраңын игеруді біржола тоқтату қажет деп санайды”. “Біздіңше, алдымен жердегі мұнайды өндіріп алып, содан кейін барып теңіздегі мұнайға ден қою керек. Ал қазір теңізде әлдебір күрделі оқиға бола қалған жағдайда Каспий маңындағы мемлекеттер бізден қыруар айыппұл талап ететіні анық”,- деді М.Елеусізов.

Ал мәжіліс депутатының айтуынша, кеніштерді игеруді тоқтау мүмкін емес. Өйткені, ондай жағдайда мемлекет бұған дейін шетелдік инвесторлардың алдында жүктеп алған міндеттемесін бұзады. Алайда, Н.Махашевтың айтуынша, “Каспийдегі экологиялық проблемаларды заңдық тұрғыда реттеуге болады”.

Н.Махашевтың айтуынша, парламентке Экологиялық кодекстің жобасы келіп түсті. “Бұл шын мәнінде ауқымды құжат. Экологиялық кодекстің үкімет ұсынған нұсқасы 3 томнан құралады. Оны үстірт қарап шығудың өзі бұл құжатты бір жылда қабылдай алсақ нұр үстіне нұр екенін аңдатты“,- деді ол.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны