18.07.2007, 13:22 3000

Украина қазақстандық құтқарушылардың Львов түбінде болған апаттың зардаптарын жою мақсатында ұсынған көмегінен бас тартты - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

АСТАНА. 18 шілде. Kazakhstan Today. Украина қазақстандық құтқарушылардың Львов түбінде сары фосфор тиелген темір жол құрамының апатқа ұшырау зардаптарын жою мақсатында ұсынған көмегінен бас тартты. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпунов хабарлады.

"Львов түбінде болған оқиға туралы ести сала біз бұл мәселенің шешімін табуға кірістік. Кеше мен Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрімен сөйлестім... Сұйық және сары фосфордың тұтануына байланысты төтенше жағдайлардың зардаптарын жоя алатын еліміздің құтқарушыларын жіберу жөніндегі ұсынысымнан ол жақтағылар бас тартты", - деді В. Храпунов.

Министр сонымен бірге Қазақстанның "Қазавиаспас" ұшағымен Жамбыл облысында осы тексте төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға атсалысқан 38 құтқарушыны жіберуге дайын екенін жеткізді. "Біздің білуімізше, Ресей Федерациясы да Украинаның құтқарушыларына көмек көрсетуге ниет білдірген", - деп қосты ол.

"Бірақ, украина жағы фосфор жанған кезде жүрілетін барлық химиялық реакциялар, барлық жану өнімдері, олардың залал-зардаптары, табиғатқа, жануарлар әлемі мен адамдарға қалай әсер ететіндігі туралы ақпарат беруді сұрады, - деді В. Храпунов, - Осыған байланысты біз Новожамбыл фосфор зауытына тапсырма бердік. Сөйтіп, филиалдың директоры мен бас инженері бүгін Украинада жүр. Сондай-ақ, апаттың зардаптарын жоюға көмек көрсете алатын зауыттың тағы 5 маманы да сол жерге барды", - деді ол. Қазақстандық мамандар "сары фосфордан шыққан өртті сөндіруге, және оқиға болған жерді дезактивациялауға байланысты құралдарды өздерімен ала кетті", деді министр.

Сонымен бірге, В. Храпуновтың айтуынша, цистерналардың шойын жолдан шығып кету себептерін тексеру үшін ""Қазақстан темір жолы" АҚ-ның екі маманы да оқиға орнына жетті". "Олар "Новожамбыл фосфор зауыты" ЖШС-іне қарасты цистерналардың жолдан шығып кету себептерін анықтайды, - деді ол.

В. Храпуновтың хабарлауынша, бүгін таңертең Қазақстан өкілдері Украинадағы дағдарыс орталығының оперативтік кезекшісімен хабарласты. "Олардың айтуынша, фон бірқалыпты, улы заттардың мөлшері шектеулі-мүмкін концентрациядан аспаған, алайда, сары фосфордың жануы салдарынан 90 шаршы шақырым аумақта бұлт түзілген", - деді министр. "Ал Украинаның Төтенше жағдайлар министрлігі бәрі бақылау аясында деп сендіреді", - деді ол.

ҚР Төтенше жағдайлар министрінің ақпаратына сенсек, жүкті жіберушілер оны тасымалдау барысында қойылатын барлық талаптарды сақтаған. "Сары фосфор қауіпті жүкке жатады және бірінші кезекте оны тасымалдайтын цистерналарға қатысты баса назар аударуды талап етеді және осыған сәйкес арнаулы жабдықталуға тиіс. Біздің зауыт тарапынан бұл шарттардың бәрі орындалған", - деді министр.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Украинаның батыс бөлігінде, Львов темір жолының Красная бекетінде 16 шілдеде Астана уақытымен 19 сағат 50 минутта "Қазфосфат" ЖШС Польшаға жіберген сары фосфор тиелген 15 цистерна жолдан шығып кетті. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сәйкес, 6 цистернадағы сары фосфор өртенді. "Апаттың зардаптарын жою барысында Украина Төтенше жағдайлар министрлігінің 8 қызметкері мен ІІМ-нің екі қызметкері, барлығы 14 адам зардап шекті, апат болған Красная бекетінен 1 мыңнан астам адам бекеттен көшірілді. Сонымен бірге 14 елдімекенннің тұрғындарын көшіруге шешім қабылданды", - делінген ҚР ТЖМ хабарламада.

Сары фосфор - өртену қаупі жоғары, улы кристалл зат. Ол суда ерімейді, ауада тез тотықтанып, өзіндігінен тұтана бастайды. Жанған кезде қою ақ түтін шыға өртенеді, ол адам денсаулығы мен экологияға үлкен зиян әкеледі. Сары фосфордың жануы барысында бөлінетін бу көз бен тыныс жолдарын тітіркендіріп, теріге тереңнен зақым келтіре күйгізеді. Адам ағзасына түскен сары фосфор бауыр, бүйрек пен миға зақым келтіреді. Адам үшін қатерлі дозасы 0,05- 0,15 грамм.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны