18.07.2007, 16:01 2690

Украина көлік министрі Львов түбіндегі апат цистерналардың жағдайынан болуы мүмкін деп санайды

АЛМАТЫ. 18 шілде. Kazakhstan Today. Украина көлік және байланыс министрі Николай Рудьковский сәрсенбі күні журналистерге берген сұхбатында Львов түбінде сары фосфор тиелген 15 вагонның аударылуына алып келген темір жол апаты цистерналардың техникалық ахуалының осалдығынан болуы ықтимал деп мәлімдеді.

"Оқиға, меніңше, тасымал мақсатында пайдаланылған цистерналардың техникалық ахуалының нашарлығынан болғанға ұқсайды", - деген Николай Рудьковскийдің сөздәйегін келтіреді Ресейдің "Новости" ақпараттық агенттігі.

Оның айтуынша, осы жылдың 3 шілдесінде апат болған темір жол учаскесінде техникалық тексеру жүргізілген, сол кезде ешбір заң бұзушылық анықталмаған.

Сонымен бірге, министр апаттың себебі туралы түпкілікті байламды техникалық сараптамадан кейін ғана айтуға болады деген пікірде.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Украинаның батыс бөлігінде, Львов темір жолының Красная бекетінде 16 шілдеде Астана уақытымен 19 сағат 50 минутта "Қазфосфат" ЖШС филиалы - Новожамбыл фосфор зауыты Польшаға жіберген сары фосфор тиелген 15 цистерна жолдан шығып кетті. 6 цистернадағы сары фосфор өртенді. "Апаттың зардаптарын жою барысында Украина Төтенше жағдайлар министрлігінің 8 қызметкері мен ІІМ-нің екі қызметкері, барлығы 14 адам зардап шекті, апат болған Красная бекетінен 1 мыңнан астам адам көшірілді. Сонымен бірге 11 мың адам тұратын 14 елдімекенннің тұрғындарын көшіруге шешім қабылданды.

Қазір апат орнында Новожамбыл фосфор зауыты мен "Қазақстан темір жолы" компаниясының өкілдері жүр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны