02.12.2009, 12:47 2904

Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің хатшылығын "Съезд баламасына" айналдырмас үшін оның құрамын шектеген дұрыс деп есептейміз - Тоқаев

Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің хатшылығын "Съезд баламасына" айналдырмас үшін оның құрамын шектеген дұрыс деп есептейміз - Тоқаев

Астана. 2 желтоқсан. Kazakhstan Today - Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің хатшылығын "Съезд баламасына" айналдырмас үшін оның құрамын шектеген дұрыс деп есептейміз. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығы IX отырысының ашылуында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қ.Тоқаев өз сөзінде былай деді: "Хатшылықтың бірінші Съезд барысында қорытынды құжаттардың жобалары мен жоғары деңгейдегі кездесулердің күн тәртібін әзірлеумен айналысатын жұмыс органы ретінде қалыптасқаны өздеріңізге белгілі. Оның құрамына Съезге қатысушы діни бірлестіктердің әрқайсысынан бір-бір өкілден кірді.

Сөз жоқ, Хатшылық осы уақытқа дейін өзіне жүктелген міндеттерін тиісті деңгейде, абыроймен орындап келеді.

Дегенмен, уақыт өте келе, форумға қатысушылар құрамы ұлғайып, хатшылық мүшелерінің саны көбейді. Бұл, өз кезегінде, жедел шешімдер қабылдау мен құжаттардың жобасын пысықтау үрдісіне әсер ете бастады. Осыған байланысты, 2007 жылы өткен хатшылықтың алтыншы отырысында үшінші Съездің қорытынды құжатын дайындаумен айналысатын арнайы Жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданғаны белгілі.

Хатшылық жұмысына қатысуға ниет білдірушілердің саны күннен күнге өсіп келе жатқанына байланысты, бұл мәселені сіздердің талқылауларыңызға ұсынуды ұйғардық.

Біз өз тарапымыздан хатшылықты "Съезд баламасына" айналдырмас үшін оның құрамын шектеген дұрыс деп есептейміз. Қажет болса, ротациялық принципті де қарастыруға болады.

Сонымен қатар жоғары деңгейдегі кездесулердің күн тәртібін әзірлеу мен қорытынды құжаттардың жобаларын дайындайтын 9-10 адамнан тұратын жаңа Жұмыс тобын құруды қарастырсақ.

Бұрынғы топ өз міндетін толығымен атқарды. Осы орайда, сіздерден өзара келісе отырып, аталған топқа кандидатуралар ұсынуларыңызды сұраймын. Оның мүшелері Хатшылық атынан сөйлеуге, шешімдер қабылдауға толық өкілеттіктерге ие болу керек деп есептеймін. Бұл форумға дайындық барысында туатын әртүрлі мәселелер бойынша жедел шешімдер қабылдауға оң әсерін тигізеді.

Үшіншіден, алдағы Съезді өткізу мерзімі және оның тақырыбы мен күн тәртібіне кіретін сұрақтар бойынша пікір алмасу қажеттігі туындап отыр. Осыған байланысты, құрметті қонақтар, аталған мәселе төңірегінде пікірлеріңізді білдірулеріңізді сұраймын.

Қалыптасқан дәстүрге және өткен Съезд барысында қабылданған шешімге сәйкес келесі форум 2012 жылы Астанада өтеді. Біз, өз тарапымыздан бұл іс-шараны қыркүйек немесе қазан айларының басында өткізуді ұсынамыз.

Сондай-ақ, осы жиын барысында Съезд Хатшылығының оныншы отырысын өткізу мерзімін анықтауымыз қажет.

Барлықтарыңыздың жұмыс кестелеріңіз өте тығыз екенін білеміз. Оның үстіне елдеріміз арасындағы қашықтық та аз емес, жол қатынасы да оңай болмас. Сондықтан, біз келесі отырысымызды 2011 жылғы қыркүйектің бірінші онкүндігі ішінде өткізуді ұсынамыз. Оған дейінгі мерзімде осы отырысымыз қорытындысы бойынша құрылатын Жұмыс тобы қызмет атқарып, қажетті құжаттар жобасы мен төртінші Съезд күн тәртібі бойынша өзара келісілген ұсыныстарын дайындаса. Сонда біздің келесі отырысымыз мазмұнды әрі тиянақты болары хақ. Жұмыс тобының мүшелері өзара электронды хат алмасу арқылы байланысып, қажет болған жағдайда Астанада кездесулерін өткізе алады.

Бүгін-ертең талқыланатын мәселелер бойынша қабылданған шешімдерді бекіту үшін, қалыптасқан дәстүрге сәйкес, отырыс соңында Хатшылық хаттамасын қабылдауды ұсынамын.

Жоғарыда айтып өткен ұсыныстарым алдағы жұмысымызға қолайлы негіз болар деп үміттенемін. Отырыс соңында біз барлық мәселелер бойынша ортақ пікірге келеміз деп кәміл сенемін,- деді Қ.Тоқаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны