04.07.2006, 18:47 3363

“Ұлт тағдыры” қозғалысы “Мемлекеттік тіл туралы” өз заң жобасын таныстырды

АЛМАТЫ. 4-шілде. Kazakhstan Today. “Ұлт тағдыры” қозғалысы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында “Мемлекеттік тіл туралы” өз заң жобасын таныстырды,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Атап айтсақ, заң жобасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Конституциясына сай мемлекеттік тіл- қазақ тілі. Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді білуі міндетті, деп санайды қозғалыс өкілдері. Қазақстандағы диаспоралардың барлығының тілдерінің құқығы бірдей, олардың әлдебіреуінің тіліне заң арқылы артықшылық берілмеуге тиіс.

Сонымен бірге қозғалыс төрағасы Дос Көшімнің пікірінше, азаматтардың қазақ тілін білмеуі – мемлекеттік қызметті атқару және мемлекеттік қызметке қабылданбауына негіз болып табылады. “Бұл шарт азаматтардың құқығын шектеуге тиіс емес, өйткені, ол тек мемлекеттік қызметке ұмтылушылардан талап етілетін міндетті шарт болып табылады”,- деді қозғалыс жетекшісі.

Заң жоабсының 8-бабында атап көрсетілгеніндей, республиканың президенті, үкімет басшысы, сенат және мәжіліс төрағалары өздерінің қызмет бабында мемлекеттік тілді қолдануға міндетті. Сондай-ақ, “Ұлт тағдыры” қозғалысының пайымдауынша, еліміздегі мемлекеттік, қоғамдық, өндірістік мекемелердің және меншік нысанына қарамастан, басқа да ұйымдардың ресми жиналыстары қазақ тілінде жүргізілуге тиіс.

Қозғалыс өкілдерінің пікірінше, Қазақстанда меншік нысанына қарамастан, жалпыға бірдей білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде оқыту және тәрбие жұмыстары қазақ тілінде жүргізілуге тиіс. Сонымен бірге пошта-телеграф қызметі қазақ тілінде көрсетіліп, жариялар мен жарнамалар қазақ тілінде шығуға тиіс. Қазақстан қол қойған халықаралық келісім-шарттары, мемлекеттің ресми құжаттары қазақ тілінде жасалады. Дипломатиялық жұмыстардың барлығы қазақ тілінде жүргізіледі. Таныстырылған заң жобасына сәйкес, мекемелер, бірлестіктер мен кәсіпорындарды қазақ тілінде атау дұрыс.

“Біз заң жобасының алғашқы нұсқасын бұдан біршама жеңілдеу жасаған едік. Бірақ талқылау барысында жобаны жасаушылардың басым бөлігі талапты мейлінше қатайта түсуді ұсынды”,- деді Д.Көшім. Оның айтуынша, заң жобасын жасаушылар “қазақ тілін мүлдем білмейтін немесе түсінбейтін адамдарды бағдарға алудан біржола бас тартты”. Қозғалыс өкілдерінің пікірінше, елімізде қазақ тілін дамыту проблемасын осындай жолмен ғана шешуге болады.

“Біз заң жобасын парламентке енгізуге барынша талпынатын боламыз. Құжат заң шығарушы органға биылғы күзде таныстырылады”,- деді қозғалыс жетекшісі.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны