19.05.2010, 18:10 4027

Үшінші Астана Экономикалық Форумына Нобель сыйлығының үш иегері қатысады

Үшінші Астана Экономикалық Форумына Нобель сыйлығының үш иегері қатысады

Алматы. 19 мамыр. Kazakhstan Today - Үшінші Астана Экономикалық Форумына Нобель сыйлығының үш иегері қатысады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан президентінің кеңесшісі бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Үшінші Астана Экономикалық Форумы - дүниежүзі экономистерінің диалог алаңы болмақ. Оған әдетте көрнекті қоғам қайраткерлері қатысады. Былтыр форумға Нобель сыйлығының екі иегері қатысса, биыл үш иегері қатысқалы отыр. Атап айтсақ, Финн Кидланд, Роберт Ауманн және Роберт Мандел секілді экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының үш иегері қатысуға ниет білдірді ", -деді президент көмекшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан Елордасында 1-2 шілдеде Үшінші Астана Экономикалық Форумы өтпек. Осы жылғы форум "Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты экономикалық өсім" тарқырыбына арналмақ.

Жыл сайынғы экономикалық форум биыл әлемнің 50 мемлекетінен келетін саяси және іскери ортаның 2000-нан астам өкілдерін, сондай-ақ, жетекші ғалымдар, қауымдастықтың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін жаһандық экономика дамуының басты сұрақтарын талқылау үшін жинамақ.

Форумға қатысуға шақырылған спикерлердің қатарында келесі тұлғалар бар: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Экономикалық ықпалдастық жөніндегі ұйым (ЭЫҰ) Бас хатшысы, Ауғанстан президентінің кеңесшісі Мұхаммад Мааруфи, экономист ғалымдар, экономика ғылымы бойынша Нобель сыйлығы иегерлері, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия Даму банкі, Халықаралық Валюта Қоры, Еуропалық Орталық Банк, энергетика және мұнай-газ компаниялары, ірі инвестициялық компаниялар, банктер, баға агенттіктері, HSBS, Ислам халықаралық рейтингтік агенттігі, АӨҚО және тағы басқа қаржы Орталықтарының өкілдері.

Жоғары мәртебелі қонақтар баяндамаларымен шығып, дағдарыстан кейінгі кезеңде әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті қамсыздандырудың өзекті сұрақтары бойынша пікір-таластарға қатыспақ.

Түрлі елдерден келген 300-ден астам делегаттар қатысатын өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің Іскерлік Форумы Астана экономикалық форумының үлкен оқиғасына айналмақ. Форумның басты мақсаты Еуразия кеңістігінде өзара тиімді тауар-экономикалық байланыстар мен инвестициялық әріптестікті кеңейтуге, экономиканың болашағы зор әрі жоғары технологиялық салаларын дамытудағы өзара әрекеттестікке бағытталған Еуразия Іскерлік конгресін құру болып табылады.

Аталған пікір-таластың қорытындылаушы кезеңі ретінде ұйымдастырушылар МЖИ бірыңғай негізін (халықаралық орталығын) құру жөніндегі меморандумды қарастырып отыр.

Форум шеңберінде дағдарыстан кейінгі реттеу жағдайында исламдық қаржыландыруды реттеу тетіктеріне арналған Халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылады. Іс-шараның басты мақсаты Қазақстандағы исламдық қаржыландыруды реттеудің біртұтас жүйесін қалыптастыру болып табылады. Конференция жұмысына 280-нен астам қатысушылар атсалысып, олардың ішінде қаржы институттары басшылары, шағын және орта бизнес өкілдері, ҚР-дағы негізгі қаржы реттеушілері, исламдық қаржы институттарының бақылау-қадағалау қызметін атқаратын мемлекеттік мекемелелер өкілдері мен ҚР-дағы инвестициялық қорлар басшылары қатыспақ.

Сарапшылар дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық өрлеу бұл тиімді әрі нәтижелі тұрғыда қызмет етуші ұлттық инновациялық жүйе екендігін мойындап отыр.

Осыған орай Үшінші Астана Экономикалық Форумы аясында инновациялық технологияларды дамытуда маңызды рөл ойнайтын басты тұлғалар мен компаниялар қатысатын Инновациялық конгресс өткізілмек. Ұлттық инновациялық экономиканы дамытудың оң тәжірибесімен және Орталық Азия елдері және Қазақстанда инновациялық саясатқа арналған ұсыныстарымен Финляндия, Норвегия, Германия, Корея, Франция және Израиль елдерінің инновациялар және технологиялар жөніндегі мемлекеттік құрылымдары өкілдері бөліспек.

Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында индустриалды-инновациялық жобалар мен ғылыми еңбектер көрмесі ұйымдастырылады.

Жоғарыда аталған іс-шаралардан өзге Үшінші Астана Экономикалық Форумы түрлі форматтағы шараларға толы болмақ. Олардың қатарында жаһандық энергоэкологиялық стратегияларды қалыптастыру тақырыбы, басқару кадрларын даярлау бағдарламасы, дағдарыстан кейінгі кезеңде мемлекеттердің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етудегі жастардың орны мен рөлі және тағы басқа тақырыптар бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны