03.06.2008, 10:04 1383

Искерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің құтқарушылары "Тентек" шахтасындағы үйіндінің астында қалған бес кеншінің тірі қалу мүмкіндіктері аз деп есептейді

Искерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің құтқарушылары "Тентек" шахтасындағы үйіндінің астында қалған бес кеншінің тірі қалу мүмкіндіктері аз деп есептейді

Қарағанды. 3 маусым. "Қазақстан Бүгін" - "Көмір" әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің (ИАҚҚ) құтқарушылары "Тентек" шахтасындағы үйіндінің астында қалған бес кеншінің тірі қалу мүмкіндіктері аз деп есептейді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Шахтаның желдету жүйесі түскен салмақты көтере алмауда. Шахта газ бен метанның мұндай мөлшеріне есептелмеген. Газдың мұндай концентрациясында ешкім тірі қала алмайды", - деп хабарлады баспасөз мәслихатында "Көмір" ИАҚҚ бас инженері Геннадий Силинский.

Ол сондай-ақ, қазір қазу бөлімінен апаттық газ мөлшері бөлініп жатқанын хабарлады. Құтқарушылар газсыздандыру жұмыстарына кірісе алмай, үйіндіні қолмен аршуға мәжбүр.

Г. Селинскийдің айтуынша, метанның жоғарғы мөлшеріне байланысты құтқарушылар техниканы пайдалана алмай отыр. Жарылыс болу қаупі бар. Кеншілер қалуы мүмкін деген жерге дейін үйіндінің 70 метрі қалған.

"Кеншілердің табылатынында сөз жоқ", - деп сендірді Г. Селинский. Алайда, оның мерзімін айтуға қиналды.

Баспасөз мәслихатына сонымен қатар, "Арселор Миттал" АҚ компаниясының вице-президенті Нарандра Чаудхари да қатысты.

"Бұлай болғаны өте өкінішті. Егер үйіндінің астында қалғандардың барлығы бірдей қаза тапқаны анықталатын болса, біз отбасыларының тағдырын жеңілдету үшін барлығын жасаймыз. Ұжымдық келісімде қарастырылған барлық көмекті кеншілердің туыстары алады. Тіпті одан да көп алады", - деді Н. Чаудхари.

Шахта басшылығы кеше әр екі сағат сайын туысқандарымен кездесіп тұрды. Ал бүгін таңертеңнен бастап туысқандары шахтаға қайта келген. Оның үстіне, сол жерге ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко келеді деп күтілуде. Ол да үйінді астында қалған кеншілердің туысқандарымен кездеседі.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кеше 4 сағат 17 минутта Шахтинск қаласындағы "Тентек" шахтасында кенеттен көмір мен метан газы атылған. Шахтада жұмыс істеген 100 адамның 95-і сыртқа шығарылған.

Үйінді астында 5 адам қалып отыр: 1955 жылы туған тау-кен шебері Райым Мұстафаев; 1979 жылы туған қазба жүргізгіш Марсель Хабибуллин; 1975 жылы туған машинашы Владимир Теслин; 1981 жылы туған қазба жүргізгіш Руслан Мейірманов пен 1979 жылы туған қазба жүргізгіш Павел Русанов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны