24.12.2007, 16:36 2885

"Верный.KZ" құрылыс компаниясы өз міндеттемелерін бұзып отыр - компанияның үлескерлері

"Верный.KZ" құрылыс компаниясы өз міндеттемелерін бұзып отыр - компанияның үлескерлері

Алматы. 24-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - "Верный.KZ" құрылыс салушы компаниясы үлес қосушылар алдындағы өз міндеттемелерін орындамай отыр. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында компания үлескерлерінің бастамашы тобының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Верный.KZ" компаниясы 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біз бүгінде осы компанияның алдауына түскенімізді түсініп отырмыз. Ақшаның толық көлемде жиналғандығына қарамастан, осы төрт жыл ішінде бір де бір нысан салынып, пайдалануға берілмеген",- деп мәлім етті үлескер Вера Карманова.

"2006 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беруге уәде етілген біздің үйіміздің орнында осы күнге дейін тек шұңқырлар ғана қазылған",- деп атап көрсетті компаниямен 2005 жылдың мамырында келісім шарт жасаған Айжан Жанқұразова.

Бастамашы үлескерлердің ақпараттарына сүйенсек, құрылыс салушы компанияның клиенттері негізінен "өз қаржыларын жылжымайтын мүлікке салатын кейбір байлар сияқты емес, өздерінің баспана жағдайларын жақсартуға тырысып жүрген" орта табысты адамдар болып табылады. Сондықтан да "Верный.KZ" компаниясының көптеген үлескерлері жарна салу үшін өздерінің баспаналарын сатуға мәжбүр болған. Бүгінде адамдар уәде етілген пәтерлерін күтумен бірнеше жылдан бері баспана жалдап келеді, оны көбінің қалталары көтере бермейді, ал кейбір үлескерлер банктерден ипотекалық несие алған және де олар оны баспанасыз өткізген бір жыл емес, бірнеше ондаған жылдар бойы төлейтін болады".

Бастамашы үлескерлер тобының заңгері Сергей Уткиннің айтуынша, "Верный.KZ" компаниясында қандай да бір ақпарат алуға коммерциялық құпия жарияланған, сондықтан да ахуалдың нақты мән-жайын білу мүмкін емес. Үлескерлердің ақшаларын қайтару туралы талап орындалмай отыр. "Ақша орынсыз жұмсалып кеткен бе деген ой туады, ал нақты активтер жоқ",- деп мәлім етті ол.

Баспасөз мәслихатына қатысушылардың хабарлауынша, ""Верный.KZ"" ЖШС құрылтайшысы және "құрылыс пирамидасын ұйымдастырушы" Жанат Ақбиев болып табылады және оның негізгі серіктесінің бірі, сондай-ақ тең құрылтайшысы Олег Гайдин. Компания директорының міндетін формальды түрде Майя Ибішева атқарады, ол "іс жүзінде бір де бір сұраққа жауап бере алмайды және де шешім қабылдайтын менеджерге мүлдем ұқсамайды".

Бастамашы топтың пайымдауынша, "мемлекет өзнің институттарына қатысты ұзақ уақыттан бері әрекет етпей отыр, тіптен осы пирамидаға жаңа үлескерлерді тартуда көмек көрсетуді жалғастыруда, себебі оның қаржылық есеп беруі негізінде компаниядағы істің мән-жайы туралы ақпаратқа ие, сөйтсе де алданған азаматтардың шырылына селт етпей отыр".

"Премьер-министр Кәрім Мәсімов қыркүйектен бері жеке тұлғалардың салынып жатқан тұрғын үй нарығындағы проблемалардан зардап шекпейтіндігін, үлескерлердің өз үйлерінің дер кезінде салынатындығына сенімді болулары туралы мәлімдеуде. Біз К. Мәсімов мырзаға өзінің жұрт алдында жүктеп алған міндеттемесін орындауы қажет екендігін еске салғымыз келеді",- деп атап көрсетті баспасөз мәслихатына қатысушылар.

"Егер жақын арада істің беталысы өзгермесе, біз мемлекетті және Мәсімов мырзаның өзін Қазақстан Республикасының атынан үлескерлер қаржысына салынатын баспана құрылыстарының дер кезінде салынуы жөніндегі алған міндеттемесін орындауға мәжбүрлеу үшін сотқа бермекпіз",- деп қорытындылады бастамашы топ өкілдері.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны