08.06.2007, 17:47 2865

ВИЧ індеті жұқтырылған балалардың ата-аналары айыптаушы жақтың облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшылығын шартты жазалауды талап еткеніне наразы

ВИЧ індеті жұқтырылған балалардың ата-аналары айыптаушы жақтың облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшылығын шартты жазалауды талап еткеніне наразы

ШЫМКЕНТ. 8 - маусым. Kazakhstan Today. ВИЧ індеті жұқтырылған балалардың ата-аналары айыптаушы жақтың облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшылығын шартты жазалауды талап етіп отырғандығына наразы, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Кешегі сот отырысына қатысқан індетті жұқтырған балалардың әке-шешелері бір ауыздан шартты жазалаудан бас тартып, қатал әрі әділ үкім шығаруды талап етті. Олардың кейбіреулер жылап, зар еңірегеннен ештеңе айта алмады.

"Олар біздің балаларымыздың бүкіл өмірін күл етті. Біздің бүлдіршіндеріміздің қанша ғұмыры қалғаны белгісіз. Қазіргі тірлігімізді тіршілік деп айтуға да келмейді, олар қоғамнан аластатылды",- деді сот отырысына қатысушылардың бірі.

"Біз балаларымызды емдеп жатыр деп ойласақ, олар керісінше артық қыламыз деп тыртық қылды" , - деді ВИЧ індетін жұқтырған баланың анасы. - Егер бұл адамдар шартты жазаланса, әділетсіздік болады".

"Ұлымызға ВИЧ індетін жұқтыру біздің өміріміздің астан-кестеңін шығарды",- деді отырысқа қатысушылардың бірі. - Біз үлкен қысымға тап болдық. Мен бизнесімнен айрылдым. Өмір сүріп жатқан ауылдан Шымкентке көшіп келуге мәжбүр болдық. Біздің қайғымыз туралы барлық көршілер біледі, бірақ жанашырлықпен қараудың орнына біз баламызды саусақпен шұқып көрсеткендерін ғана көреміз".

"Мен соттың әділ болғандығын қалаймын. Ертең менің ұлым өскен соң өзінің ауруының себебін сұрағанда мен оған не болғандығын түсіндіре алсам және де ол аурудың жұғуына кінәлі адамдардың әділ жазаланғандығын білсе деймін. Мәселе балалардың өмірі туралы болып отырғанда шартты жаза болмауға тиіс. Егер бүгін әділеттілік болмаса, ертең біздің балаларымыз өскеннен кейін өз беттерімен сот жүргізіп, әділеттілік орнатуға талпынуы әбден мүмкін ғой",- деп мәлім етті індет жұқтырған баланың әкесі.

Жәбірленушілердің өкілі Қатира Бекболова да өзінің сөйлеген сөзінде соттың шартты жаза шығармауға тиіс екендігін айтты. "Бұл отбасыларының барлығын ВИЧ індеті күйретіп отыр", - деді ол. - Олардың көбісі осының салдарынан ажырасып та кетті. Бұл балалардың ертеңгі күні толыққанды өмір сүретіндігіне және қоғамнан аласталмайтыныдығына кім кепіл? Осы жағдайда, айыптылардың барлығына да ең қатал жаза тағайындалуға тіис деп ойлаймын".

Бұрын хабарлағанымыздай, Шымкентте балаларға ВИЧ індетін жұқтыру жөніндегі іс бойынша сот процессі 19-қаңтарда басталған. Аталмыш іс бойынша 21 адам айыпталуда, оның 18 медицина қызметкерлері.

Бейсенбіде, 7-маусымдағы сот отырысында облыстық прокуратураның қылмыстық істер жөніндегі сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Сапаров ВИЧ індетін жаппай жұқтыру ісіне қатысты айыпталушыларға жүктелуге тиіс қылмыстық жазаны анықтауға деген көзқарасын жария етті. Атап айтқанда айыптаушы жақ облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы директоры Нұрсұлу Тасмағамбетоваға бір жылға сынақ мерзіммен үш жылға шарты жазалау және үш жыл бойы медицина саласында қызмет істеу құқығынан айыруды ұсынған. Прокурор Нұрсұлу Тасмағамбетованың күйеуі, медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің облыстық басқармасының бұрынғы басшысы Рысқұлбек Байхарашевті де бір жылға сынақ мерзіммен үш жылға шартты жазалауды, оның орынбасары Орынбасар Қашқалиұлын -төрт жылға шартты, денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары Нағима Жолдасованы - екі жыл сынақ мерізіммен төрт жылға шартты, № 2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Ғани Жолдасовны - бес жылға шартты жазалауды сұрады.

Бүгінгі күнде облыста ВИЧ індетін жұқтырған балалардың саны 114, және 14 ананың ВИЧ індетін жұқтырғандығы анықталған. Тоғыз бала қайтыс болып, біреуін шетелге асырап алып кеткен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны