19.03.2007, 16:52 3169

ВИЧ індетін жұқтырған балалардың ата-аналары жәрдемақы төлеу мен әлеуметтік көмек берудегі заң бұзушылықтарға наразылық білдіруде

ШЫМКЕНТ. 19-наурыз. Kazakhstan Today. ВИЧ індетін жұқтырған балалардың ата-аналары жәрдем ақы төлеу мен әлеуметтік көмек берудегі заң бұзушылықтарға наразылық білдіруде, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін қалалық әкімшіліктің жанында оншақты ВИЧ індетін жұқтырған балалардың ата-аналары жиналды. Олар Шымкенттің әкімі Анарбек Орманмен кездеспек болды. Бірақ, ол орнында болмай, ата-аналармен әкімшіліктің шенеуніктері кездесті.

Ата-аналар балаларының мүгедектігіне төленетін жәрдемақысын уақытында ала алмайтындықтарына, ал памперс пен балалардың азық-түліктері жылдың басынан бері түспегендігіне наразылықтарын танытты. Оларға тазалық құралдары мен балалардың азық-түлігін сатып алуға тендердің әлі жүргізілмегендігі түсіндірілді. Икімшіліктегілер мүгедектікке төленетін жәрдемақының төлену мерзімінің кешеуілдеріне қатысты тексеру жүргізілетіндігіне уәде берді.

Сонымен қатар, ата-аналар өздеріне берілген тұрғын үйдің сапасына деген наразылықтарын да білдірді. Кеше пәтерге мұқтаж 37 отбасының алғашқы сегізі өздерінің "Достық" ауданындағы үйлерін қарап шыққан. Ата-аналардың пікірінше, ауырған балалармен өмір сүруге бұл үйлерде жағдай жасалмаған.

Жиналғандар сондай-ақ әкімшілік қызметкерлеріне "Балаларды СПИД-тен қорғау" қайырымдылық қорының президенті Сағадат Масауровқа қатысты шағымдарын жеткізді. Ата-аналардың сөздеріне сүйенсек, ол демеушілердің ВИЧ індетін жұқтырған балалар есебіне аударған қаржының көлемі туралы білмейді.

Қазіргі уақытта, Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індеті 101 баладан (олардың сегізі қайтыс болған, біреуі шетелге шығарылған) және он үш анадан анықталған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны