14.08.2026, 12:40 31876

Үй жануарларынан бас тарту оларды асырау міндетінен босатпайды

Үй жануарларынан бас тарту оларды асырау міндетінен босатпайды
Қазақстанда үй жануарларын ұстау қағидалары өзгертіледі. Иелері үй жануарынан жай ғана бас тартып, оны асырау жөніндегі міндеттерінен бірден босатыла алмайды. Үй жануарларын ұстау және серуендетудің үлгілік қағидаларына өзгертулер енгізілді.

Егер иесі бұдан былай үй жануарын асырай алмаса, оны одан әрі орналастыруға қамқорлық жасауға тиіс. Жануарды панажайға, уақытша ұстау пунктіне немесе оған қажетті жағдай жасай алатын басқа адамға не ұйымға беруіне болады.

Нақтырақ айтсақ, жануар уақытша ұстау пунктіне берілген жағдайда иесінің міндеттері сақталып қалады. Ол үй жануарының құқықтық тағдыры анықталғанға дейін оны асырауды қамтамасыз етуге тиіс.

Сондай-ақ, өзгеріс енгізілген қағидаларда жануардан бас тарту оның иесінің немесе жауапты тұлғаның міндеттерін тоқтатпайтыны жеке бекітілген. Бұл міндеттер үй жануары жаңа иесіне немесе панажайға берілгенге дейін, не уақытша ұстау пунктінде оның құқықтық тағдыры анықталғанға дейін сақталады.

Осылайша, енді жануарды уақытша ұстау пунктіне жай ғана қалдырып, ол үшін жауапкершіліктен босау мүмкін болмайды.

Тиісті өзгерістер 2022 жылдың 20 мамырындағы үй жануарларын ұстау және серуендетудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа енгізілді.

Бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны