Система Orphus

Қызылордада еңбек күні мерекесі аталып өтті

27.09.2019, 18:53 27838

Қызылорда. 27 қыркүйек. Kazakhstan Today - Еңбек күніне арналған еңбек сабақтастығы форумының салтанатты ашылуына Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты. Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2013 жылғы қарашадағы жарлығымен бекітілген "Еңбек күні" мерекесі биыл алтыншы рет аталып өтті.

"Өз кәсібінің берекесін көріп, атадан балаға мирас етіп отырған көптеген еңбек әулеттерін облыс қана емес республика көлемінде таныта білдік. Жанын сала еңбек етіп, өзінің табысын маңдай терімен тауып отырған адамды қалайша құрметтемеске?! Ол - құрылысшы не сылақшы бола ма, ол жазушы не өнер адамы бола ма, ол - басшы немесе ұстаз бола ма, маңдай терімен жұмыс істей білуі қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әр сөзінде масылдық пиғылға жол бермеу туралы айтып келеді. Осы тұрғыда, біз үшін маңдай терін төгіп, тәрбиелеп-өсірген ата-анамыздың еңбегін ақтап, ұрпағымызды еңбекке тәрбиелей білсек - туған жеріміздің дамуына қосқан бір үлесіміз болмақ",-деді аймақ басшысы.

Берекелі бірлік пен тынымсыз тірліктің арқасында аймақтан 102 Социалистік Еңбек Ері шыққаны белгілі. Олардың есімдері облыс тарихында мәңгі қалады.

"Ақ күріштің атасы" атанған Ыбырай Жақаев, ел байлығын еселеген Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Зәкира Ержанова секілді ақжаулықты аналар - өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Еңбек Ерлерінің бүгінгі жалғасындай Абзал Ералиев, Юрий Пя сияқты жерлестеріміз - Тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ерлері.

"Ырыс бар жерде - ынтымақ бар. Ал, ынтымақ бар жерде - береке, бірлік бар. Сондықтан, жастар, еңбек ете біліңіздер. Бәріміз де жұмысты қарапайым еңбектен бастадық. Бос жүрмей, адал еңбек етсеңіздер - болашағыңыз жарқын, туған елімізді нығайтуға қосар үлесіңіз мол болмақ",-деді Қ.Ысқақов.

Еңбек адамдарын танытып, дәрежесін көтеруді, ең үздік отбасылық және өндірістік дәстүрлерді анықтап, жастарды кәсіби еңбекке баулуға арналған форумда салалар бойынша еңбек әулеттері марапатталды.

Денсаулық сақтау саласы бойынша - Қызылорда қаласынан Бодықовтар әулеті. Бұл әулеттің жалпы еңбек өтілі 670 жылды құрайды. Бүгінгі таңда медицина саласын әр түрлі мамандық бойынша меңгерген әулеттің 28 мүшесі осы салада қызмет атқарып келеді.

Білім саласы бойынша - Арал ауданынан Қонаровтар әулеті. Ұстаздар әулетінің жалпы еңбек өтілі - 508 жыл. Ғибратты ғұмырын білім беруге арнаған атадан тараған ұрпақ бүгінде білім саласының шамын жағып, ата кәсібін үлкен жауапкершілікпен атқаруда. Әулет бойынша 17 адам осы салада қызмет атқарып, бала тәрбиесіне атсалысуда.

Мәдениет саласы бойынша - Қармақшы ауданынан Смайыловтар әулеті. Өнерлі әулеттің жалпы еңбек өтілі - 75 жылды құрайды. Әулеттен 4 адам өңіріміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға сүбелі үлесін қосуда.

Ішкі істер саласы бойынша - сырдариялық Бексейтовтер әулеті. Әулеттің жалпы еңбек өтілі 40 жылды құрап отыр. Ел тыныштығын күзетіп, темірдей тәртіпке бас иген саланың қыр-сырын меңгерген сарбаздар қатарында осы отбасынан қазіргі таңда 4 адам жемісті қызмет атқарып келеді.

Темір жол саласы бойынша - қазалылық Орынбаевтар әулеті. Теміржол саласында жоғары жауапкершілікпен қызмет атқарған әулеттің жалпы еңбек өтілі -145 жыл. Бұл әулеттің 6 адамы - теміржолшы.

Өндіріс саласы бойынша - шиелілік Нұрымбетовтер әулеті. Ғылым мен техника саласының дарабоз майталмандары атанған әулеттің жалпы еңбек өтілі- 96 жыл. Әулеттің 8 адамы өндірістік сала бойынша қызмет атқаруда.

Егін шаруашылығы саласы бойынша - Жалағаш ауданынан Дүйсенғазиевтер әулеті. Ата кәсібін әулетінің берекесіне айналдырған отбасының жалпы еңбек өтілі -147 жыл. Әулеттің 5 адамы - диханшы.

Мал шаруашылығы бойынша - Шиелі ауданынан Байденовтер әулеті. Мал шаруашылығын дамытқан әулеттің жалпы еңбек өтілі 50 жылды құрап отыр. Ата-кәсіпті ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру жолында әулеттің 3 адамы еңбек етуде.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны