04.05.2020, 12:53 7182

Зағип жандар "Ізбасары Абайдың" атты Абай қарасөздері мен өлеңдерін жатқа оқудан байқауға қатысты

Зағип жандардың компьютерінде жазбаны дыбыстап айтатын қондырғы бар. Сол арқылы олар ақпарат алып отырады.

Алматы. 4 мамыр. Kazakhstan Today - Әлемді жайлаған короновирус індеті біздің елімізді айналып өткен жоқ. Бүгінде еліміздің барлық аймағынан ауыруға ұшырағандар қатары көбейіп, өзге жұрттар қатарлы қауіпсіздік шараларын ұйымдастырып жатырмыз. Рухани саладағы мекемелер де онлайн жұмыс тәртібіне көшті. Осыған орай "Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана" директоры Асхат Құсайынұлы Байұзақовпен сұхбаттасып, мына жағдайда қалай жұмыс істеп отырғандарын білген едік.

-Қазіргі таңдағы әлемдік деңгейде қалыптасып отырған жағдайды білесіз. Жалпы індет туралы адамдардың пікірі әр қилы болып отыр.

-Аурумен бірге жер шарындағы барлық мемлекеттердің тыныс, тіршілігіне өзгеріс енді. Жұмыс орындарының көбі уақытша болса да жабылды. Адамдар үйден жұмыс істеуде. Бұл айта салуға оңай болғанымен, қалыптасқан тіршілік дағдысының өзгеріске түсуі адамдарды өмірге жаңаша қарауға мәжбүр етіп отырған жағдайы бар. Біз індетке қарсы ерте қам жасаған елдердің қатарындамыз. Осының арқасында індеттің жаппай таралуына тосқауыл қойылды. Бұл мемелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкіметтің тарапынан қабылданған шаралардың арқасы.

-Өзіңіз басқарып отырған мекемдегі ахуалға көшсек?

-Қазір еліміз бойынша, әсіресе рухани сала онлайнға көшті. Біздің де жұмыс тәсіліміз өзгерді. Республикалық зағиптар кітапханасы барлық облыстық арнайы кітапханаларға әдістемелік жетекшілік ететіндіктен біз зағип азаматтарға республика аумағында қызмет керсетеміз. Зағип азаматтарға қызмет көрсететіндіктен біздің кітапхана жұмысының толып жатқан өзіндік ерекшеліктері бар. Әдетте біз тұлғалардың мерейтойларына байланысты шаралар үйымдастыратын едік, бұл шаралар кездесулер, дәрістер, сұқбаттар формасында өткізілетін. Енді осы мәселелер онлайн нұсқада орындалатын болды. Карантин жарияланғаннан бері ақын Тұманбай Молдағалиевтың туғанына 85 жыл толуына арналған "Ақын жыры - уақыт сыры" атты әдеби танымдық кеш онлайн арқылы өткізілді.

-Қалыптасқан форматтағы кештер белгілі. Онлайн арқылы өткізілетін кеш қалай өтеді?

-Кітапхана қызметкерлері әдеттегідей тақырып бойынша дайындалады.Сценарий жазып, жүргізілуге тиісті кеш кітапхананың инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей эфирде өтті. Оқырмандар кешке қатысты пікірлерін жазады. Өздерін толғандырған мәселелер төңірегінде сұрақ та қоя алады. Кітапхана мамандары мен кеш қонақтары, спикерлер жауап береді.

-Зағип көрермендер жазбаны көре ала ма?

-Зағиптар көре алмайды. Алайда олардың компьютерінде жазбаны дыбыстап айтатын қондырғы бар. Сол арқылы олар ақпарат алып отырады. Сонымен қатар, күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 95 жыл толуына орай, "Қазақ музыкасының сайыпқыраны" атты әдеби танымдық кеш те осы формада оқырмандарға жол тартты.

-Онлайн арқылы танымдық әдеби кештерден басқа қандай шаралар өткіздіңіздер?

-Сәуірдің 4 күні кітапхананың инстаграм желісіндегі парақшасында "Ізбасары Абайдың" атты Абай қарасөздері мен өлеңдерін жатқа оқудан байқау жарияланды. Сәуірдің 26-сында жеңімпаздар марапатталды. Сонымен қатар,"Брайлевский ввод на операционных системах iOS и Android" тақырыбында кітапханашы Кондратьева Анна біліктілікті арттыру сағатын өткізді.Карантин жарияланған бір айдан аса уақыт ішінде онлайн формат арқылы өткізілуде.

-Зағип азаматтарға арнап дыбыстандырылған кітаптар шығаратын едіңіздер?

-Дыбыстандырылған кітаптарды оқу барысы әсіресе, онлайнға көшкелі бері екпін алды. Біз осы мерзімде 32 дыбыстандырылған кітапты әлеуметтік желіге салдық. Ол кітаптармен танысқан адамдардың саны 8881 оқырман. Атап айтсақ/Facebook/ Instаgram/ Youtube/ BКонтакте/ әлеуметтік желісіндегі шаралардың жалпы саны 168 болса, онымен танысып шыққан оқырмандар саны 15802.

-Сіздерде республикадағы зағип оқырмандарға арналған "Менің жолым" атты дыбыстандырылған газет те бар емес пе?

-Бар, біз оны тек қазір республика дегейінде Инстаграмға салып жатырмыз. Дыбыстандырылған дайын ақпарат. Соны онлайн мүмкіндігіне көшірдік. Біздің келешекте де онлайн мүмкіндігін толық пайдалануды мақсат етіп отырмыз. Бұл жер-жердегі зағип оқырман азаматтарға ақпарат жеткізудің тиімді жолы екеніне көз жеткізіп отырмыз.

-Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны