25.05.2016, 19:51 4017

Жалғызбасты әйелдерге алимент енді мемлекет есебінен төленуі мүмкін

Парламентке екі күнніӊ бірінде жалғызбасты әйелдер жылап хат жазады екен. Өлместіӊ күнін кешіп, депутаттардан көмек сұраған аналардыӊ бірі - семейлік Лариса Жавронкова. Дәм-тұзы жараспай ажырасқан күйеуі шиеттей 9 баламен тастап кеткен. Енді 36 жастағы келіншек небары 60 мыӊ теӊге жәрдемақыға ұл-қызын жалғыз асырап от

Астана. 25 мамыр. Kazakhstan Today - Елімізде күйеулерінен алиментін ала алмай жүрген келіншектерге бюджеттен жәрдемақы төленуі мүмкін. Бүгін жалғызбасты әйелдерге араша түскен депутаттар мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынды. Ал бала-шағасын тастай қашқан безбүйрек әкелерден алиментті Үкіметтіӊ өзі өндіріп, қазынадан алынған ақшаныӊ орнын толтырмақ. Халық қалаулыларыныӊ алаӊдауы бекер емес. Себебі, соӊғы жылдары ұл-қызынан безінген азаматтардыӊ саны күрт артқан, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Парламентке екі күнніӊ бірінде жалғызбасты әйелдер жылап хат жазады екен. Өлместіӊ күнін кешіп, депутаттардан көмек сұраған аналардыӊ бірі - семейлік Лариса Жавронкова. Дәм-тұзы жараспай ажырасқан күйеуі шиеттей 9 баламен тастап кеткен. Енді 36 жастағы келіншек небары 60 мыӊ теӊге жәрдемақыға ұл-қызын жалғыз асырап отыр, деп хабарлайды www.ktk.kz тілшісі.

Лариса Жаворонкова, көпбалалы ана:

-Балалар бір күнде алты нан жейді. 65 теӊге тұратын еӊ арзан нанды алғанныӊ өзінде, 300 теӊге жұмсаймыз. Икелері алимент төлемейді. Өзім жұмысқа шығайын десем, кішкентайларды тастап кете алмаймын.

Ұрпағынан безінген безбүйрек әкелер көбіне мекен-жайы мен жұмыс орнын жиі ауыстыруға әдеттеніп алған. Мәселен, Мұрат есімді ақтөбелік бұл жігіттіӊ борышы қазір 300 мыӊ теӊге. Қос құлыны үшін қарызын өтеп-ақ тастағысы келеді. Бірақ жұмыстан қысқарғалы алимент үшін бақыр тиын төлемеген. Енді сот орындаушыларынан қашып, ай сайын ұялы телефон нөмірін ауыстырып жүр. Бет-жүзін көрсетуден ұялатын өзі де бұдан әбден ығыр болған.

Мұрат, Ақтөбе қаласыныӊ тұрғыны:

-Жұмыстан қысқарғанымызға жылдан асты . Қазір мүмкіндік жоқ. Мүмкіндік болса, балаӊнан ақшаны аямайсыӊ ғой.Мазалап тұрады. Телефон соғады. Хабарласады. Соттасын енді қайтем?

Заӊ бойынша, Мұрат сынды жылдап алимент төлемегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады, тіпті түрмеге тоғытылады. Бірақ, мұндай қатал жазадан аш отырған бала-шағаға еш пайда жоқ. Сондықтан, депутаттар жылдар бойы әкеден жәрдем күтіп әбден қажыған ұл-қыз бен жылап жүрген жалғызбасты келіншектерге Үкімет көмектессін деп отыр. Ол үшін мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынды.

Магеррам Магеррамов, Мәжіліс депутаты:

-Шетелдегідей мемлекеттік алимент қорын құрсақ, бюджет есебінен жалғыз қалған әйелдерге жәрдемақы төленеді, кейін мемлекет ол қаржыны күйеуінен өндіріп алады. Бұл Үкіметтіӊ жәутеӊдеген балаға деген көмегі болар еді.

Бірақ, баланы да ананы да жарылқайтын ұсыныстыӊ Үкімет тарапынан қаншалықты қолдау табары белгісіз. Ал осы уақытта елімізде 445 мыӊ отбасын жалғызбасты әйелдер асырап отыр. 21 мыӊнан астам әкеніӊ ұл-қызы алдындағы борышы бірнеше миллиардқа жеткен. Берешегін айғай-шусыз өз еркімен өтеуге көбісініӊ құлшынып отырғаны да шамалы.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны