18.09.2008, 18:37 3288

Жамбыл облысында "Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді қолдану мәселелері" тақырыбында VIІІ республикалық семинар-кеңес болып өтті

Жамбыл облысында "Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді қолдану мәселелері" тақырыбында VIІІ республикалық семинар-кеңес болып өтті

Астана. 18 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Жамбыл облысының ІІД базасында ішкі істер органдарының мемлекеттік тілді дамыту құрылымдары қызметкерлерінің қатысуымен "Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді қолдану мәселелері" тақырыбында VIІІ республикалық семинар-кеңес болып өтті, деп хабарлайды агенттік тілшісі ҚР ІІМ-нің Тіл саясаты және ақпарат департаментіне сілтеме жасап.

Семинар-кеңес жұмысына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Құмар Ақсақалов, Жамбыл облысының Ішкі істер департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаев, Қазақстан Республикасы ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы полиция майоры Бағдат Қожахметов қатысты.

Семинар-кеңесте ішкі істер органдарындағы әкімшілік реформаның алғашқы нәтижелері, мемлекеттік тілді дамытудың өзекті мәселелері тәрізді ауқымды сұрақтар талқыланып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстардың басым бағыттары айқындалды.

Ішкі істер министрлігінде 2007 жылдан бастап іс қағаздары мемлекеттік тілге көшіріліп, мемлекеттік тілді дамытуға қатысты бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылған. Икімшілік реформа аясында биыл Тіл саясаты және ақпарат департаменті құрылып, мемлекеттік тілді дамытуға арналған құрылымның дәрежесі көтерілді. Бюджет қаражатымен мемлекеттік тілді дамыту құрылымдарын заманға сай техникамен қамтамасыз етуге, мамандардың біліктілігін арттыруға және қазақ тілін үйренуге тиімді жағдайлар жасалып отырғандығы атап көрсетілді.

Өңірлік ішкі істер Департаменттерінде және ІІМ оқу орындарында мемлекеттік тілді дамыту және қолдану бойынша өзекті мәселер шешімін тауып келеді. Департаменттерде қазақ тілі сабақтарын өткізуге арналған лингафондық, арнайы аудио-бейне, әдістемелік құралдармен, көрнекі ақпараттармен жабдықталған кабинеттер жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда Ішкі істер органдарында 20 мыңға жуық қызметкер қазақ тілін меңгеру мақсатында дәріс алуда. ІІМ-нің жоғары және орта оқу орындарында курсанттардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды.

Министрлікте "Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын ішкі істер органдарында іске асыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, осының аясында атқарылуы тиіс іс-шаралар жоспары бекітілді. Мұндағы іс-шараларды жүзеге асыру арқылы қазақ тілінің ішкі істер органдарында жаппай, кеңінен қолданылуына және мемлекеттік тілдегі нормативтік-құқықтық базаның қалыптасуына толық жағдай жасауға ықпал етіледі деп күтілуде.

Семинар-кеңес нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді одан әрі дамытуға бағытталған кешенді және жүйелі іс-шараларды жалғастыру туралы шешім қабылданды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны