27.12.2007, 15:24 4353

Жамбыл облысында Момышұлы аулы - Тараз қаласы бағытындағы жол ашылды

Жамбыл облысында Момышұлы аулы - Тараз қаласы бағытындағы жол ашылды

Тараз. 27-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Жамбыл облысында 27-желтоқсанның 11 сағатындағы жағдай бойынша Момышұлы аулы - Тараз қаласы бағытындағы жол ашылды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

"Сонымен қатар Жуалы ауданының орталығы Б. Момышұлы аулынан Шақпақ асуына дейін 13 шақырымдық жол тазаланған. Қар құрсауынан барлығы 129 көлік, соның ішінде 79 жеңіл көлік, 21 автобус және 29 жүк көлігі босатылған. Жалпы қашықтығы 385 шақырымдық жергілікті жолдардың 60 шақырымы тазаланған, қалған жол магистральдарын қардан 29-желтоқсанға дейін тазалау жоспарлануда",- деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Жолдарды тазалап, көмек көрсетуге Тараз қаласы мен Жуалы ауданының аумағында орналасқан жол қызметтері мен өнеркәсіптік ұйымдардан қосымша 50 бірлік техника мен 168 адам жұмылдырылған.

Табиғат апатымен күреске және тұрғындарға көмек көрсету үшін Жамбыл облысы әкімшілігінің қаулысымен төтенше жағдайларды жою жөніндегі штаб құрылды, оның құрамына облыс әкімінің бірінші орынбасары Александр Савченко, Жуалы ауданының бірінші басшылары, сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінің, Қорғаныс министрілігінің, күш құрылымдыраның өкілдері кірген.

27-желтоқсандағы жағдаймен жергілікті жерлерге барлау жүргізіліп, қар құрсауында қалған барлық көліктердің жүргізушілері мен жолаушылары құтқарылған. 1400-ден астам адам көшіріліп, алғашқыда Шақпақ, Амансай, Ынтымақ, Б. Момышұлы елді мекендеріне орналастырылып, қажетті азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

26-желтоқсанда олар теміржол көліктерімен және автокөліктермен Шымкент және Тараз қалаларына жөнелтілген. 2 күн ішінде Тараз қаласына 450 адам, Шымкент қаласына 550 адам жеткізілген. Зардап шеккендер мен жарақаттанғандар жоқ. Шақпақты елді мекенінде қалған жолаушыларды көшіру үшін 5 "Газель" микроавтобусы және 4 "ПАЗ" автобусы дайындалған. Олар адамдарды Бурное теміржол станциясына жеткізеді.

Жекелеген елді мекендердегі 10 жүкті әйелдің бесеуіне медициналық көмек көрсетілген. Қалған ауыр науқастар мен жүкті әйелдерге Апаттық медицина орталығының мамандары жергілікті дәрігерлермен бірлесе отырып көмек көрсете бастады.

Естеріңізге сала кетейік, 23-желтоқсан күні таңғы сағат 08.00 Жуалы ауданы аумағында батыстан соққан желдің екпіні күрт күшейіп, секундына 20 - 25 метрге дейін жетіп, қатты қар мен боранға ұласқан болатын. Борап жауған қар 12 сағат ішінде 20 см астам қалыңдықта жауып, жер бетіндегі қар желдің екпінімен боранға айналып, айналаны көру қиынға соққан болатын.

Соның салдарынан Шымкент - Тараз бағытындағы көлік магистралінің жалпы қашықтығы 50 шақырымдай аумақты (Шақпақ асуы - Б. Момышұлы - Киік) қалың қар басып қалған, кей жерлерде қардың қалыңдығы 4 метрге дейін жеткен.

15 ауылдық округ пен аудан орталығы Б. Момышұлы ауылының арасында жол байланысы, сондай-ақ электр қуаты мен кей жерлерде телефон байланысы да үзілген болатын. Республикалық маңызы бар жолдардың қар басып қалған аумағында 279 көлік және 1450-ден астам адам қар құрсауында қалған болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны