25.08.2006, 18:27 2947

Жамбыл облысында соңғы алты айдың ішінде қан ауыстырып құйылған балалар ВИЧ індетін жұқтыру мүмкіндігіне тексеруден өтеді

ТАРАЗ. 25-тамыз. Kazakhstan Today. Жамбыл облысында соңғы алты айдың ішінде қан ауыстырып құйылған 14 жасқа дейінгі барлық балалар жаппай 15-қыркүйекке дейін ВИЧ індетін жұқтыру мүмкіндігіне тексеруден өтеді. Бұл туралы денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары Салтанат Омарбекова баспасөз мәслихатында құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Жалпы алғанда осы мерзімде 148 бала мен жасөспірімге гемотрансфузия жасалған (қан ауыстырып құйылған).

Сонымен бірге денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Оңтүстік Қазақстан облысынан Жамбылдағы ауруханаларға емделуге келген барлық балалар да ВИЧ індетін жұқтыру мүмкіндігіне байланысты тексеріледі. Қазір ауруханадағылар балалар мен жасөспірімдердің тұрғылықты жерлерін анықтау үстінде.

С.Омарбекованың айтуынша, шілде мен тамыз айының бастапқы онкүндігінде облыстық қан орталығы мен СПИД дертінің профилактикалық орталығының іс-қызметі тексерілді. Тексеру барысында ешбір заң бұзушылық дерегі анықталған жоқ, әйтсе де, жұмыс сапасын қамтамасыз ету үшін орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға нұсқау берілді.

"Жылдың басынан бері біз 3680 донордан қан қабылдадық, олардың 97 проценті реципиенттердің туыстары болып табылады,- деді қан орталығының директоры Бақытбек Күзембаев. - Қан түрлі жұқпалы аурулардың бар-жоқтығына қатысты үш мәрте тексеруден өткізіледі. Соның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет те тексереді. Осы мерзімде қан жарамсыз болып шығу оқиғасы екі мәрте ғана тіркелді, онда да жұқпалы ауруға байланысты емес".

Өз кезегінде СПИД дертінің алдын алу жөніндегі орталықтың директоры Қанат Ажақаевтың айтуынша, "тәртіп бойынша, қан ауыстырып құйылған әрбір адам жарты жылдан кейін гепатит немесе ВИЧ-ке жұқтыру мүмкіндігіне тексеруден өтуге тиіс". "Барлығы 157 ересек реципиент тексеруден өтті. Инфекция анықталған жоқ. СПИД дертінің алдын алу жөніндегі орталықта жыл басынан бері ВИЧке қатысты 28 мың тест жасалды",- деді ол.

СПИД дертінің алдын алу жөніндегі орталық директорының айтуынша, Жамбыл облысында СПИД-пен ауратын адам жоқ. Ал ВИЧ індетін жұқтырған 161 адам бар, олардың 75-і орталықта тіркеуде. "Қалғандары қазір біздің өңірде тұрмайды. ВИЧ індетін жұқтырған 75 адамның 65-і есірткіні инемен тұтыну салдарынан індет жұқтырған",- деді ол.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны