14.01.2013, 13:48 6063

Жамбыл облысындағы жағдай бақылауға алынды

"Жамбыл облысындағы жағдай да бақылауға алынды. Қажетті шаралар қабылдануда. ТЖ орнында сымсыз байланыс орнатылды. ТЖ зардаптарын жою үшін облысқа қосымша ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінен 200 адам мен 17 дана техника, сондай-ақ, байланыс орнату үшін 68303 әскери бөлімінен 13 адам және 6 дана техника жіберілді", - делінген ведомство хабарламасында.

Астана. 14-қаңтар. Kazakhstan Today - Жамбыл облысындағы жағдай бақылауға алынды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазіргі кезде Жамбыл облысында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, жағдай толық бақылауға алынған, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

"Жамбыл облысындағы жағдай да бақылауға алынды. Қажетті шаралар қабылдануда. ТЖ орнында сымсыз байланыс орнатылды. ТЖ зардаптарын жою үшін облысқа қосымша ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінен 200 адам мен 17 дана техника, сондай-ақ, байланыс орнату үшін 68303 әскери бөлімінен 13 адам және 6 дана техника жіберілді", - делінген ведомство хабарламасында.

ТЖМ хабарлауынша, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдай тұрақтанды, қосымша су басу болған жоқ. Сонымен қоса, Қызылорда қаласында ауа-райының күрт өзгеруі салдарынан трансформаторлық қосалқы стансалардың істен шығуына байланысты тоқтатылған электр қуатымен қамтамасыз ету толық қалпына келтірілді.

Естеріңізге сала кетсек, 2013 жылғы 12 қаңтар күні Жамбыл облысының Жуалы ауданында оңтүстік-батыстан соққан жылдамдығы 30 м/с астам күшті желдің салдарынан Күйік-Қошқарата асуын қоса алғанда, Алматы-Ташкент республикалық маңызы бар автокөлік жолының 536-593 шақырымында көру мүмкіндігі төмендеп, жергілікті маңызы бар Б. Момышұлы-Қошқарата автокөлік жолында қозғалыс тоқтатылған болатын.

Күрделі ауа райы жағдайларына байланысты Жуалы ауданының Шақпақата ауылында электр энергиясымен және сумен жабықтау тоқтап қалды, Жамбыл облысының Талас ауданында да электрмен жабдықтау тоқтап қалды.

Осыған байланысты Қаратау қаласындағы орталық қазандықтың бетоннан жасалған түтін құбыры құлап, қазандықтың жұмысы тоқтаған. Қаратау қаласының орталық қазандығының барлық абоненттері жылумен жабдықтаудан ажыратылған. Сондай-ақ Жамбыл облысының Сарысу ауданының басым көпшілігінде электрмен жабдықтау тоқтатылып, боран салдарынан ауданның автокөлік жолдарында көлік қозғалысы тоқтаған.

Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында да 11 мектептің, 3 балалар бақшасының, 2 ауылдық әкімдіктің және 1 аурухананың шатырлары ұшіп, терезелері сынған.

2013 жылғы 12 қаңтардағы жағдайға қарағанда, қардың еруі мен ылғалдың мол түсуіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданының Жылға ауылында 2 үйді, 20 ауланы су басып қалған, осы ауданның Қарақалпақ ауылында да 2 үй бүлініп, 2 үйді, 5 ауланы су басып қалған. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Қалыптасқан жағдайға байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев басқарған Жамбыл облысындағы дауыл салдарын жою жөніндегі Республикалық штаб құрылды.

12 қаңтар күні Үкіметтік комиссия жедел шара қабылдау үшін Тараз қаласына келіп жетті. Қ.Көшербаев Тараз қаласының әуежайында Республикалық штабтың бірінші отырысын өткізіп, облыстың апатты жағдайдан зардап шеккен Талас және Сарысу аудандары елді мекендерінің өмір сүру жағдайын қалпына келтіру үшін бірқатар тапсырмалар берді. Мәжілістен кейін вице-премьер Қаратау мен Жаңатас қалаларына аттанды.

Сөйтіп, елді мекендерді электрмен, жылумен және сумен жабдықтау жөніндегі барлық шұғыл шаралар қабылданды. Қаратауды қардан тазалау үшін ауыр техника жіберілді, облыстың ТЖ және энергетикалық кәсіпорындары қызметкерлері қатарынан жасақтар құралды, жанар-жағар май жеткізу, Қаратау мен Жаңатас қалаларының тұрғындары мен Тараздан ТЖ салдарын жою үшін келген жасақ қызметкерлері үшін ауыз су мен ыстық тамақ тасу ұйымдастырылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны