27.02.2007, 19:20 2869

Жапония Семейдегі Ертіс арқылы өтетін аспалы көпірдің пайдалануына жауапты ұйымның болмауына алаңдауда

СЕМЕЙ. 27-ақпан. Kazakhstan Today. Жапония Семейдегі Ертіс арқылы өтетін аспалы көпірдің пайдалануына және оны ұстауға жауапты ұйымның болмауына алаңдаушылық білдіруде. Бұл туралы бүгін Семей басшысымен кездесу барысында Жапония халықаралық даму банкінің дамыту жобаларын бағалу департаментінің бас директоры Сатоши Ииджима мәлім етті.

Оның сөздеріне сүйенсек, жеті жыл бұрын салынған Ертіс арқылы өтетін аспалы көпірдің осы уақытқа дейін нақты иесі жоқ. "Ол қалалық балансқа да, облыстық балансқа да өтпеген. Бұл өте өзекті мәселе, және де егер бұл өз шешімін таппаса, онда өте жаман болады",- деді С. Ииджима.

Семей әкімінің орынбасары Тұрсынғазы Мүсәпірбековпен сұхбаттасу барысында С. Ииджима, Жапония елінің құрылысты қаржыландыру миссиясының әлі аяқталмағандығын түсіндіріп өтті. "Салық төлеушілердің қаржысы салынғандықтан, Жапония үкіметі ақшаның қалай жұмсалғандығы туралы және жобаның одан әрі қандай болашағы бар екендігі туралы парламент пен қоғам алдында есеп беруге тиіс",- деді С. Ииджима.

Жапония өкілі мұндай көпірлерді ұстау үшін арнайы бюджет пен тек өткелді ұстау мен пайдалану мәселелерімен айналысатын жеке ұйым қажет екендігін атап өтті. "Мұндай ұйым болмаса көпір көпке шыдамайды", - деп санайды ол. С. Ииджима бұл мәселенің экономика және қаржы, көлік және коммуникация министрліктерінде көтерілгендігін хабарлады. Сонымен қатар, бұл мәселені Шығыс Қазақстан облысының басшылығымен бірге де талқылау жоспарлануда. "Бұл Қазақстанның тек ішкі мәселесі және де Қазақстан оны шешуге тиіс. Жапония үкіметі мен Халықаралық даму банкі аталмыш ұйымның мүмкіндігінше жақын арада құрылуына көмек көрсетуге тырысуда",- деп атап көрсетті С.Ииджима. "Көпірді пайдалану жөніндегі ұйым құрылған соң Жапония үкіметі оған техникалық көмек көрсету туралы мәселені қарастырады деп үміттенемін. Себебі көпір - бұл өте күрделі конструкция және де Жапониядан арнайы техникалық көмек қажет болуы мүмкін",- деді ол.

Кездесудің аяқталуында С. Ииджима, семейлік аспалы көпір Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы достықтың нышаны болып табылатындығын еске сала кетті. "Біздің көтеріп отырған мәселеміз тез арада шешімін табады деп үміттенеміз, әйтпесе бұл көпірдің халі мүшкілденеді, ал бұл біздің өзара достығымыздың беделіне де көлеңкесін түсіреді",- деп қорытындылады өз сөзін С. Ииджима.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны