10.07.2009, 15:21 2721

Жапонияның Қазақстандағы елшісі Алматы хайуанаттар бағына барыс сыйлады

Жапонияның Қазақстандағы елшісі Алматы хайуанаттар бағына барыс сыйлады

Алматы. 10 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Алматы хайуанаттар бағынадағы жануарларға екі барыс қосылды. Оның бірі Жапон елінен сыйға келсе, екіншісін Польшадан сатып алған. Кеше Жапонияның Қазақстандағы елшісі Нацуи Сигэо ілбісті хайуанаттар бағына ресми түрде табыс етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі "Хабар" агенттігіне сілтеме жасап.

Ең қызығы Майя есімді бұл ілбіс кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға тарту еткен барыстың Шыңғыс деген тұқымы екен. 2000 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға достық белгісі ретінде тау тағысы - барысты тарту еткен болатын. Оған дейін күншығыс елі бұл хайуанатты теледидардан ғана тамашалайтын. Токиодағы "Тама" хайуанаттар бағына қоныстанған Шыңғыс атты сол барысқа жапондардың айрықша ықыласы ауды. Қырғыз Алатауынан ұстап алған кезде-ақ бабына келіп тұрған, кейін де ерекше қамқорлық пен күтімде болған Шыңғыстан бүгінге дейін сегіз тұқым алынды. Соның бірі - Майя - әкесінің туған жері Алатаудың баурайына оралды.

"Сіздердің Президенттеріңіз барысты достық пейілдің белгісі ретінде сыйлағандықтан оны тамашалап қана қоймай, көбейіп, өсіп-өнуі ғылыми негізде қолға алынды. Енді, міне, Алматының хайуанаттар бағына сол барыстың күшігін сыйлаудың мүмкіндігі туып отыр",- деді Жапонияның Қазақстандағы елшісі Нацуи Сигэо.

"Хабар" мәліметінше, "Майя негізі Алматыға былтыр әкелінген. Бір жыл бойы жергілікті климатқа бейімделді әрі Польшаның Краков қаласынан серік болатын еркек барыс жеткізілді. Майяның мұндағы тағдыры көптеген жапондықтардың әлі де назарында. Не нәрсеге де ұқыптылықпен қарайтын жапондар жойылып бара жатқан түз тағысын қорғау бар адамзаттың міндеті деп санайды. Барыс - Қырғыз, Тәжік, Өзбек елі мен Қазақстанның бірқатар қорығында арнайы қорғауға алынып, "Қызыл кітапқа" енгізілсе де жыл санап азайып барады. Кей ғалымдар жер бетіде 8000 барыс қалды десе, кейбірі көрсеткішті 2 мыңға дейін азайтады. Жер шарындағы барлық хайуанаттар бағының жетпістен астамында ғана барыс бар. Тордағы тағылардың жалпы саны 200-дей. Қазақстанда айрықша символға ие болып, Алматы рәмізіне айналып, Азия ойындарының айшығы саналған барыс тек хайуанаттар бағында бар".

"Жапондар Алматы хайуанаттар бағына Майямен қатар макака маймылының тұтас үйірін тарту етті. Олар алматылықтармен тез тіл табысты. Ал кеше түнде Мәскеуден бір шимпанзе жеткізілді. Сөйтіп бақтың танымал тұрғындары - шимпанзелердің саны төртке жетті. Ал таяуда Израильден екі сусиыр келеді",- делінген телесюжетте.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны