29.09.2020, 20:55 8480

Жастар денсаулығы орталықтарына инвестициялаудың маңызы

Болашақта Жастар денсаулығы орталықтарының тұрақты және дәйекті жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ЖДО қызметтерін стандарттау бойынша қосымша жұмыс қажет болады. Жұмысқа барлық ЖДО-тар бойынша консультациялық-сауықтыру қызметтерінің бірыңғай стандарттарын құру және оңтайландыру кіреді.

Алматы. 29 қыркүйек. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасының Президенті мен бірнеше министрліктердің басшылары жастардың денсаулығы мен әл-ауқатына инвестициялаудың маңыздылығын мойындады және жастарға қамқорлық жасайтын қызметтерге қолдауын арттыруға міндеттенді. Бұл сондай-ақ 2019 жылдың қараша айында Найробиде өткен маңызды саммит кезінде расталды, Үкімет жаһандық аудиторияға Қазақстанның әр аймағындағы Жастар денсаулық орталықтарын (ЖДО) қаржыландыруды жалғастыру туралы міндеттемесін растады, оның ішінде ақпарат пен кеңес беру, жастарға қолайлы жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау қызметтерін ұсыну да бар.

Осы бағдарламаны енгізу үшін ЮНФПА Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, жастарға ыңғайлы қызмет көрсету жүйесін құруда. Бұл жұмыс елдегі Жастар денсаулық орталықтарын тұрақты дамыту стратегиясын әзірлеуді; ЖДО мамандарының жұмысын реттейтін бірқатар хаттамаларды; жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының репродуктивті денсаулық туралы хабардарлығын арттыру үшін веб-сайт пен мобильді қосымшаны қоса байланыс материалдары; жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығының кең таралған мәселелерін шешу жолдарын, сондай-ақ психологиялық және заңгерлік кеңестерді реттейтін клиникалық хаттамалар пакеттерін қамтиды. Сонымен қатар Жастар денсаулық орталықтары білім мен озық тәжірибені басқа ұйымдарға беретін "ресурстық" институттарға айналдыру мақсатында Орталықтарға қолдау көрсетіледі.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің денсаулық сақтау бөлімінің қолдауымен ШЖҚ "№6 Қалалық емхана" МКК-да "Жас талап" жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. ЖДО 2015-ші жылы ашылған, жұмыс барысында 10 мыңнан астам жеткіншектер мен жастар орталықтың көмегіне жүгінді.

ЖДО-ның басты мақсаты - жеткіншектер мен жастарға жоғары білікті медициналық-психоәлеуметтік және ақысыз медициналық-әлеуметтік көмек көрсету арқылы денсаулықты сақтау және жеткіншектер мен жастардың әлеуметтенуіне қолайлы жағдайды қамтамасыз ету.

ЖДО-да жеткіншектер мен жастарға қолайлы жағдай жасалған. Орталық консультативтік, құқықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсетумен, жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын-алумен, репродуктивті денсаулық сақтау және жас ұрпақтың жауапсыз мінез-құлқының қаупі туралы ақпараттандыру, сондай-ақ отбасындағы және қоршаған ортадағы мәселелерді шешумен айналысады.

Сондай-ақ, орталықта игі және коммуникативті мінез-құлық дағдыларын (теңдік, сыйластық, өзара түсіністік, жағдайларды бағалау мүмкіндігі, жанжалсыздық) қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік-психологиялық тренингтер мен вебинарлар өткізіледі.

№6 Қалалық емхананың директоры Байсеркина Динара Сәтжанқызы: "Жастар арасында олардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру біздің басты мақсатымыз болып табылады, біз оны ЖДО-да енгізіп, насихаттап жатырмыз. Жас ұрпақтардың жыныстық қатынас мәселесіне білімді әрі қауіпсіз тәсілмен қарауы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың қаупін азайтады. Бұл да орталықтың басты міндеттерінің бірі. ЖДО жастар арасында танымал болып келеді және біз жұмыстың тиімділігін көріп отырмыз", - деп есептейді.

Социологиялық зерттеулердің көрсеткіштеріне сәйкес, Қазақстандағы 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бір бөлігі жыныстық белсенді, бірақ олардың 91%-ы АИТВ және ЖИТС туралы жеткілікті біліммен қамтамасыз етілмеген. 15-19 жастар аралығындағы жыныстық белсенді жастардың 14,8%-ы соңғы 12 айда жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) белгілерінің кем дегенде біреуінің болғанын хабарлады. Алайда олардың көпшілігі (62,6%) медициналық мекемелерден медициналық көмекке жүгінбеген. Сонымен қатар, 2011-2018 жылдар аралығында Қазақстанда АИТВ-на шалдыққандар санының 106%-ға өсуі тіркелді. АИТВ-ның 62%-ы жыныстық жолмен берілетіні белгілі.

Қазіргі жастардың жеткіншек кезеңінен қаншалықты жақсы өткені тек олардың өмірін ғана емес, бүкіл әлемнің болашағын айқындайды. Жеткіншектер мен жастардың денсаулығына, біліміне, құқықтары мен мүмкіндіктеріне инвестиция салу - бұл тұрақты болашаққа инвестиция. Алайда, жеткіншек кезең - бұл жастардың жаңа және бұрын таныс болмаған өмірлік жағдайлармен бетпе-бет келетін, балалық шақтан ересек өмірге өту кезеңі. Олар денсаулықтарына және әл-ауқаттарына қауіп төндіретін жаңа өмірлік дағдылар мен тәжірибелерді тез үйренулері керек.

"Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жастардың репродуктивті денсаулығы олар үшін арнайы жағдайлар жасалған кезде жақсы қамтамасыз етіледі. Жастар денсаулығы орталықтары - бұл қол жетімділік, ақ пейілділік және еріктілік қағидаттарына негізделген жасөспірімдер мен жастарға арналған кеңестер мен қызметтердің халықаралық деңгейде танылған интеграцияланған жүйесі. Біз жасөспірімдерге өте қажет кеңестер мен көмек ала алатын орталықтарды қолдау арқылы біз жастардың дені сау және бақытты ересек болып өсуіне ықпал береміз", - деді Серік Тәңірбергенов, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Халық қорының жыныстық және репродуктивті денсаулығы бойынша ұлттық үйлестірушісі.

Болашақта Жастар денсаулығы орталықтарының тұрақты және дәйекті жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ЖДО қызметтерін стандарттау бойынша қосымша жұмыс қажет болады. Жұмысқа барлық ЖДО-тар бойынша консультациялық-сауықтыру қызметтерінің бірыңғай стандарттарын құру және оңтайландыру кіреді. Бұл стандарттар пациенттермен қарым-қатынасты басқарудан бастап, жастардың денсаулығы мен әл-ауқатының кең таралған қажеттіліктерін шешуге және Жастар денсаулық орталықтарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге дейінгі көптеген аспектілерді реттейтін болады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны