06.02.2007, 15:48 3051

Жедел әрекет етуші арнаулы топ сарбаздары Нұрбанктегі ішкі тексеруге тосқауыл қоюға талпынды - қаржы полициясы

АЛМАТЫ. 6-ақпан. Kazakhstan Today. Алматы қалалық ІІД жедел әрекет етуші арнаулы тобының 31-қаңтарда Нұрбанктің бас кеңсесіне басып кірген сарбаздары Нұрбанктегі ішкі тексеруге тосқауыл қоюға талпынды, деп мәлімдеді республикалық "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Рүстем Ибраимов.

"31-қаңтар күні кешке "Нұрбанк" АҚ-ында қызмет бабындағы тексерулер жүргізіліп жатқан... Алматы қалалық ІІД жедел әрекет етуші арнаулы тобының үш офицері Мүсәпіров, Жұмашев пен Оспанқұлов және аға сержант Сарыпбеков ғимараттың күзет қызметінің заңды талаптарын ескерместен, ешбір құжатсыз "Нұрбанк" АҚ аумағына кіріп келген",- деді оқиғаны тексеруге тікелей қатысушы генерал-майор.

Оның айтуынша, банктегі қызмет бабындағы тексеру рұқсат етілмеген траншқа байланысты жүргізіліп жатқан. "Осыдан бес күн бұрын, 26-қаңтарда "Нұрбанк" АҚ басқармаларының төрағасы Ғылымов пен оның орынбасары Темірәлиев банктің бір проводкасымен 809 млн теңгені аударып жіберген. Дәл осы операция банк ішінде текскеру жүргізуге себеп болған",- деді қаржы полициясының қызметкері. Р.Ибраимовтың айтуынша, "осы транштың кем дегенде 95 млн теңгесі Алматыда қолма-қол ақшаға айналдырылған".

Қаржы полициясының ақпаратына сәйкес, ақшаны "Монғолияда туған Атретхан Нияз есімді азамат қолма-қол ақшаға айналдырған". Қаржы полициясындағы ақпарат көзіне сәйкес, ақша Қазкоммерцбанктің бір филиалында қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Н.Атретхан 3-ақпан, сенбіде Нұрбанк кеңсесінен шыға берісте ұсталды. "Онда 38 мөр-таңба мен чек кітапшалары болған. Ал ол тұратын Ұзынағаш ауылында тапанша мен 242 оқ табылды",- деді Р.Ибраимов.

Оның хабарлауынша, жедел әрекет етуші арнаулы топтың 4 қызметкері Алматы қалалық ҰҚКД-нің тергеу абақтысына қамалды. Сонымен бірге арнаулы отряд командирі Қыдырғожаев пен Алматы қалалық ІІД төрағасының орынбасары Самалихов та тұтқындалып, тергеу абақтысына қамалды.

Газет ақпаратына сәйкес, экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің (күш қолдану жөнінде қорқыту арқылы лауазымдық құзыретін асыра пайдалану) жөніндегі 308-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

ҚР экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, Ибілмәжін Ғылымов пен Жолдас Темірәлиевтің пәтерлерінде де тінту жүргізілді.

Ал жуырда кейбір БАҚ-тарда Ғылымов пен Темірәлиевтің әйелдерінің өз күйеулерінің жоғалып кеткені туралы мәлімдемесіне қатысты ақпарат жарияланған болатын. Агенттік ақпарат көзінің хабарлауынша, Ғылымов ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен өз үйінде болса, Темірәлиевке "басқа да сыбайластарымен бірге" іздеу жарияланған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны