06.04.2007, 17:42 3581

Жер кодексіне енгізілетін түзетулерді қарау әкімшіліктердің шенеуніктері мен құрылыс компанияларының қысымымен созыла түсуде - депутат Киселев

АЛМАТЫ. 6-сәуір. Kazakhstan Today. Жер телімдерін мемлекеттік қажеттілікке деп тәркілеп алуға қатысты Жер кодексіне енгізілетін түзетулерді қарау әкімшіліктердің шенеуніктері мен құрылыс компанияларының қысымымен созыла түсуде. Бұл туралы мәжіліс депутаты Сергей Киселев "Караван" апталығына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"2006-жылы біз әріптестерімізбен бірлесіп осындай өзгерістер енгізу жөнінде заң жобасын жасауға бастама көтердік. Бірақ өкінішке орай оны қарау әкімшіліктердің шенеуніктері мен құрылыс компанияларының қуатты лоббиіне байланысты кейінге шегеріліп келеді",- деді С.Киселев.

Депутаттың пікірінше, "мемлекеттік мұқтаждық" (Ата заңда жазылғандай) және "мемлекеттік қажеттілік" (Жер кодексі мен басқа да заңдардың басым бөлігіндегідей) терминдеріне қатысты жайттың айқындалмауы шенеуніктерге аса тиімді болып тұр". "Ол тек мемлекеттің қаржысына жолдарды, жол айрықтарын, ауруханалар мен мектептерді салуды ғана емес, сонымен бірге жеке меншік құрылыс компанияларының коттедж қалашықтары, қымбат пәтерлер мен басқа да коммерциялық жылжымайтын мүлікті салуын да мемлекеттік мұқтаждық немесе қажеттілік деп атауға мүмкіндік береді. Бірақ олардың мақсаты - пайда табу, ал оның мемлекеттік қажеттілікке ешбір қатысы жоқ",- деді С.Киселев.

Сонымен бірге мәжіліс депутатының пайымдауынша, "шенеуніктер тіпті осы салада қазіргі бар заңдарды да орындамай отыр". Мәселен, С.Киселевтің түсініктемесіне сәйкес, Жер кодексінің нормалары бойынша "құрылыс салушы компания түрлі квазимемлекеттік ұйымдардың делдалдық ролінсіз-ақ өз бетімен келісім-шарт жасасып, барлық меншік иелерімен өтемақылар бойынша өзі келісімге келуге тиіс". Алайда, әкімшіліктер бұған "Алматыжер" немесе "Пәтер бюросы" секілді делдал-ұйымдарды тартады. "Олардың іс-қызметі - құрылыс фирмалары мен азаматтар арасында делдал болу. Ал жер заңнамасына сәйкес, құрылыс салушы компания меншік иесінің шығындарына қатысты өтемдер бойынша өз бетімен келісімге келуге тиіс",- деді депутат.

Сонымен бірге жер телімдерін тәркілеп алуда парапар ақы төлеудің басқа түрлері пайдаланылмайды. "Парапар жер телімін немесе баспана беру, бұзылатын үйдің орнында салынып жатқан үйден баспана беру секілді көптеген жолдары бар емес пе",- дейді депутат.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны