13.12.2012, 10:33 3058

Жезқазған-Бейнеу жобасы бүкіл Орталық Қазақстан арқылы өтетін жаңа көлік дәлізін ашады

Бұл туралы "Самұрық-Қазына" ҰИҚ" АҚ-ның басқарушы директоры және "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Нұржан Байдәулетов мәлім етті.

Астана. 13-желтоқсан. Kazakhstan Today - Жезқазған-Бейнеу жобасы бүкіл Орталық Қазақстан арқылы өтетін жаңа көлік дәлізін ашады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы "Самұрық-Қазына" ҰИҚ" АҚ-ның басқарушы директоры және "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Нұржан Байдәулетов мәлім етті.

"Ағымдағы жылы екі ірі жобаның құрылысы басталды. Солардың біріне біз соңғы он жыл бойы дайындалдық және ол туралы естімеген жан жоқ шығар. Ол "Жезқазған-Бейнеу" көлік дәлізі. Біздің ойымызша, бұл жоба Қазақстан арқылы өтетін жаңа "ендік" дәлізді дамытып қана қоймайды, еліміздің транзиттік әлеуетіне де серпімді әсерін тигізетін болады", - деді Н.Байдәулетов.

Еліміздің транзиттік әлеуетіне айтулы әсерін тигізетін екінші ауқымды жоба, ол Арқалық-Шұбаркөл жобасы. Бұл дәліз бүгінде өндірістік қуаты әлсіздеу болып тұрған Арқалық өңірінің дамуын қамтамасыз етеді.

Көлік логистикасын және тасымал тораптарын дамыту жобаларының қатарында Ақсу-Дегелең, Хромтау-Алтынсарин, Шар-Өскемен және Қорғас- Жетіген учаскелерінің құрылыстары бар, - деп хабарлады "КТЖ" Директорлар кеңесінің басшысы.

"Жаңа желілердің құрылысы республика өңірлерінің арасындағы тікелей теміржол қатынасын қамтамасыз етеді, жүк тасымалына кететін шығыстарды азайтады және жаңа жұмыс орындарын құрады", - деп атап көрсетті Нұржан Байдәулетов.

Оған қоса, теміржол қатынастарының дамуын жақсарту жұмыстарының аясында жаңа қатынас желілерін іске қосумен қатар, ұлттық компаниялардың вагон әлеуеттерін жаңарту ісі де жоспарлануда. Атап айтқанда, 2015 жылға дейін "Тұлпар -Тальго" ЖШС-мен бірлесіп 420 шақты жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланып отыр.

Ал ағымдағы жылдың соңына дейін 35 жаңа жолаушылар вагоны пайдалануға беріліп, олар жол уақыты 1,5 сағатқа қысқарғалы отырған жаңа "Астана-Актөбе" бағытына шығарылмақ.

"Қазақстан, дәлірек айтқанда "ҚТЖ" компаниясы іске асырып отырған көлік-машина жасау жобалары мәжбүрлі болғанымен, ұлттық компания үшін де, Қазақстан экономикасы үшін де аса қажетті шаралар. Оған қоса, аталған жобалардың барлығы экономикалық тұрғыдан ақталады және олар тек ішкі ғана емес, сыртқы қажеттіліктерге де бағытталып отыр", - деп түйіндеді өз сөзін "ҚТЖ" Ұлттық компаниясы Директорлар кеңесіеің басшысы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны