25.10.2011, 14:40 3610

Жыл аяғына дейін Астананың азық-түлік белдеуін құру аясында 14 өндіріс іске қосылады

Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев Астана маңында азық-түлік белдеуін құру аясында қаржыландырылған бірқатар бизнес-жобаларды аралап көрді.

Астана. 25-қазан. Kazakhstan Today - Жыл аяғына дейін Астананың азық-түлік белдеуін құру аясында 14 өндіріс іске қосылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев Астана маңында азық-түлік белдеуін құру аясында қаржыландырылған бірқатар бизнес-жобаларды аралап көрді.

Атап айтқанда, вице-министр елордадағы "Целинная фабрика деликатесов", "АстанаЭкоСтандарт" және "ЦеснаАстық" Концерні" ЖШС кәсіпорындарында болып, ондағы өндіріспен танысып қайтты.

Астана қаласы маңында азық-түлік белдеуін құру аясында "ҚазАгро" компаниялар тобы биыл барлығы 48 жобаға 27,3 млрд. теңге қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда оның 18,8 млрд. теңгесі бөлініп үлгерген. Аталмыш жобалардың 32-сі Ақмола облысында болса, қалған 16 жобасы Қарағанды облысында іске асырылуда.

Қазіргі уақытта қаржыландырылған жобалардың 31-і іске қосылған. Бұл кәсіпорындардың барлығы өндірілген өнімдерін Астана қаласына жеткізуде.

Вице-министрдің айтуынша, 2011 жылдың соңына дейін тағы да 14 жобаны, ал 2012 жылы 3 жобаны іске қосу жоспарлануда.

М. Толыбаев ең алдымен елордада 53 түрлі ет өнімдерін шығаратын "Целинная фабрика деликатесов" ЖШС ет өңдеу кәсіпорнына бас сұқты. Бюджеттік бағдарлама шеңберінде кәсіпорынға 49,1 млн. теңге субсидия бөлу көзделген.

Вице-министрдің келесі сапары аумағы 3,3 га болатын жобалық қуаты жылына 1,9 мың тонна өнім шығаруға есептелген "АстанаЭкоСтандарт" жылыжай кешенінде жалғасын тапты. Кешенді 2011 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Ол елорданың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, маусымаралық кезеңдегі көкөніс тапшылығын болдырмауға септігін тигізбек.

Бұдан соң ірі астық өңдеуші кәсіпорын "Цесна Астық" Концерн ЖШС басшысымен кездесу болды. Аталған кәсіпорын елордаға жоғары сапалы ұн, нан және макарон өнімдерін өндірумен айналысады. 2010 жылы "Цесна Астық" Концерні" бюджеттік бағдарлама шеңберінде 138,9 млн. теңге субсидия алса, 2011 жылға 258,7 млн. теңге субсидия қарастырылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны