28.02.2008, 19:22 5150

Жолдарды тазартуға күн сайын "Қазақавтожол" РМК-нан шамамен 500 машина мен механизмдер жұмылдырылуда

Жолдарды тазартуға күн сайын "Қазақавтожол" РМК-нан шамамен 500 машина мен механизмдер жұмылдырылуда

Астана. 28 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - 2008 жылғы 20 ақпаннан бері Қазақстан аумағында ақтүтек боран, жаңбыр аралас қар, ауа температурасының күрт өзгеруі сияқты ауа райы құбылыстарына байланысты республиканың біраз өңірлерінде автокөлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды агенттік ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысында көп мөлшерде қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы күрт өзгеріп, үстіміздегі жылғы 20 ақпанда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан Айтбозым, Бірлік, Мұратбаев, Қызыләскер елді мекендері суға кетті. "Жизақ - Гагарин - Сарыағаш - Жібек жолы" (143 км) автожолы мен диаметрі 4х2,5 м темірбетон құбырын су шайып кетті. "Жол жамылғысын және су құбырын қалпына келтіру үшін "Қазақавтожол" РМК-ның Оңтүстік Қазақстандық бөлімшесінің күшімен 17 автосамосвал, 2 автогрейдер, 2 экскаватор, 2 жүк тиейтін техника, 1 автокран және әрқайсысы 10 адамнан тұратын 5 бригада жұмылдырылды. 2 күннің ішінде жолдың бұл бөлігі қалпына келтірілді. Ал, осы уақыт ішінде қозғалыс жабылған жоқ. Автокөліктер Шардара қаласы арқылы жолды айналып өтті", делінегн хабарламада.

Дәл осындай жағдай Қызылорда қаласында да байқалып отыр. "Самара-Шымкент" автожолының бойында орналасқан, Сырдария өзенінің үстінен салынған үш көпір бүлінген.

Автомобиль жолдарын көктемде еритін қар суын өткізетіндей етіп дайындау үшін "Қазақавтожол" РМК-ның облыстық бөлімшелері 1,5 мың текше метр тас, 5,7 мың текше метр қиыршық тас, 16 текше метр ағаш материалдары дайындады.

Республика бойынша су тасқынының қаупі 550 шақырым жол, 55 көпірге, 159 құбыр мен 11 бөгетке төніп тұрғаны анықталды.

Тасқын судың автомобиль жолдары мен жол бойындағы құрылғыларды бүлдіруін болдырмау үшін және оның алдын алу үшін, арнайы мамандар жолдарды күнделікті бақылап, күзетуде. Жолдың ең қауіпті учаскелеріне жол техникасы бекітілген, тәулік бойы кезекшілік қойылған.

Бүкіл апта бойы еліміздің солтүстік аймақтарында ауа-райының тұрақсыздығы, 25-30 м/с жылдамдықпен соққан күшті жел, боран, қардың мол түсуі және жолдардағы көріну нашарлығы сақталып отыр.

28 ақпан күнгі ақпарат бойынша, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды және Алматы облыстарында қозғалыс шектелді.

Ауа-райының бұзылуына қарамастан, "Қазақавтожол" РМК-ның күшімен жолдарды қардан тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде, қарға "қамалып" қалған адамдар мен автокөлік құралдарын құтқару жұмыстары да жүріп жатыр.

Төтенше жағдай органдары және жол полициясымен бірге қозғалысты шектеу, автокөліктерді лек-легімен өткізу немесе адам өміріне қауіпті жол учаскелерін жабу туралы шешім қабылданады.

Жолдарды тазартуға күн сайын "Қазақавтожол" РМК-нан шамамен 500 машина мен механизмдер жұмылдырылады. Қар үйіліп қалатын, қозғалысқа бөгет болатын 3,5 мың км жол учаскесі анықталған. Ол жерлерге қар тазартатын техника бекітілген.

"Қазақавтожол" РМК-ның және оның облыстық бөлімшелерінің басшылығы жолдардағы жағдайды анықтап білу үшін учаскелерді күн сайын аралап қарап өтуде, жолдарды қардан тазарту және қарды ұстап қалу жұмыстарының барысын жіті бақылауда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны