17.02.2006, 12:32 3180

2011-жылғы Азиялық ойындарға дайындық барысында Алматыдағы Б.Шолақ атындағы спорт сарайын жаңалауға 3,6 млрд. теңге қажет

АЛМАТЫ. 17-ақпан. Kazakhstan Today. 2011-жылғы Азиялық ойындарға дайындық барысында Алматыдағы Б.Шолақ атындағы спорт сарайын жаңалауға алдын-ала есеп бойынша 3680 млн. теңге қажет болмақ. Бұл туралы агенттік тілшісіне сенімді ақпарат көзі хабарлады.
Сонымен бірге Алматыдағы Орталық стадион мен “Медеу” мұз айдынын күрделі жөндеуден өткізіп жаңалау қажет. Орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізуге 2105 млн. теңге, “Медеу” мұз айдынын жаңалауға 342 млн. теңге қажет. Аталмыш нысандар бойынша жалпы қажетті қаржы көлемі 6127 млн. теңгеге жетеді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2011-жылғы Азиялық ойындарды өткізетін қала ретінде Алматы былтырғы жылдың аяғында таңдалған. 2006-жылдың 4-наурызында Азия Олимпиадалық кеңесінің бас пәтері орналасқан Кувейтте Алматы қалалық әкімшілігі, Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті мен Азия Олимпиадалық кеңесінің арасында үш жақты келісімге қол қойылады деп күтілуде.
Алматыдағы Азия ойындары 2011-жылдың 30-қаңтары мен 6-ақпаны аралығында өтеді деп жоспарланған. Ұлттық олимпиада комитеті төрағасының айтуынша, спорттың 14 түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылмақ.
2011-жылғы Азиялық ойындарға дайындық барысында Алматыда бірқатар спорттық нысандар салынады. Атап айтсақ, Алматыда 20 мың көрерменге есептелген мұз сарайы, 400 метрлік жолағы бар мұзды стадион, шаңғы және биатлон стадионы, жаңа тау шаңғысы базасы, 20 мың көрерменге есептелген К-90 және К-120 трамплиндері, бобслей трассасы салынады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны