17.03.2008, 11:27 1223

Қазақстан Алматының жанынан халықаралық бокс академиясын салуға АІВА-ға өтініш жолдады

Қазақстан Алматының жанынан халықаралық бокс академиясын салуға АІВА-ға өтініш жолдады

Астана. 17 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Алматының жанынан халықаралық бокс академиясын салуға АІВА-ға (халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) өтініш жолдады. Бұл туралы сенбі күні өткен баспасөз мәслихатында Бокстан мемлекеттік бапкер Болат Манкенов мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Бізді әрбір құрлықтың екі қаласында халықаралық бокс академиясын салу жобасын іске асырмақ болып отырған АІВА басшылығының саясаты қатты қуандырып отыр. Қазір біз Азия құрлығы бойынша тендерге қатысып отырмыз және осындай академияны ұлттық құраманың Алматының жанындағы жаңадан салынған базасында орнықтыруды қалаймыз", - деді Б. Манкенов.

Ол мәселе Алматыдан 27 шақырым жердегі Новоалексеевка ауылында жеке инвестиция тарту есебінен салынған боксшыларды дайындау базасы жөнінде болып отырғанын хабарлады. "Іс жүзінде бұл база бүгінгі таңда бокстан ұлттық құрамаға табыс етілді және онда академия құруға барлық жағдай жасалған", - деп атап көрсетті мемлекеттік бапкер.

Б. Манкенов бұл базада жалпы көлемі 1640 шаршы метр болатын екі спорт зал, 72 нөмірлі қонақ үй, 120 орындық дәмхана, сауна және сауықтыру орталығы бар екенін хабарлады.

"Тендерлік құжаттарды АІВА-ға 7 наурызға дейін беріп қойдық. Алайда, қазір Олимпиада ойындарына үлкен дайындық жүріп, көптеген құрлықтарда бокстан соңғы лицензиялық турнирлер өтіп жатыр. Сондықтан, біздің өтінішіміз бірнеше ай бойы қаралады деген ойдамын", - деп сөзін жалғастырды Б. Манкенов.

Ол АІВА құрылымында бокс академиясын салуға өтініштерді қарастыратын арнайы комиссия құрылғанын жеткізді. "Бұл өте жақсы жоба. Ол бокстың техникалық жағынан болсын, тактикалық жағынан болсын дамуына әсер етеді. Біздің алға қойған мақсатымыз - боксты дамыту және біздің спортшыларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Өйткені, бокс бәсекесі Азия құрлығында да, дүниежүзінде де күн сайын артып келеді", - деп сөзін қорытындылады Бокстан мемлекеттік бапкер.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны