10.07.2007, 13:14 2189

ҚР Туризм және спорт министрлігі 15 шілдеде Алматыда коньки жарыстарының сарайын салуға тендер жариялайды

АСТАНА. 10-шілде. Kazakhstan Today. ҚР Туризм және спорт министрлігі 15 шілдеде Алматыда коньки жарыстарының сарайын салуға тендер жариялайды. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында туризм және спорт министрі Темірхан Досмұханбетов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"15 шілдеде біз тендер жариялап, Алматыда 15 мың көрерменге есептелген коньки жарыстырының сарайын сала бастаймыз. Бұл өте күрделі жоба, онсыз біз 2011-жылғы ҮІІ қысқы Азия ойындарын өткізе алмаймыз", - деді Т. Досмұханбетов.

2011-жылғы ҮІІ қысқы Азия ойындарына дайындық барысы туралы үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың сауалына жауап берген министр "таяудағы бір-бір жарым айда Олимпиада ауылын қайда орналастыру мәселесі шешілуге тиіс", деп атап өтті. "Ол толығымен демеушілердің қаржысына салынады", - деді Т. Досмұханбетов.

Туризм және спорт министрі сонымен бірге шаңғы, биатлон және трамплиннен секіру сайыстарын өткізетін орыннның анықталғанын жеткізді. "Біз трамплиннен секіру сайыстарын Талғар шатқалында өткізбек болған едік, алайда, жуырда Алматыға келген Халықаралық олимпиада комитетінің қысқы спорт түрлері жөніндегі комиссиясы бұл орынға келісімін бермеді, өйткені, ол жердегі желдің бағыты өзгеше, сол себепті егер жел қажетті бағыттан соқпаған жағдайда спортшылар басқа жаққа ығысып кетуі мүмкін", - деді ол.

"Сол себепті қауіпсіздік талаптарына байланысты біз бұл сайыстарға қалада 14 гектар жерді алып жатқан бұрын "Трудовые резервы" стадионы болған жерді таңдадық" - деді министр.

Ал шаңғы жарыстары мен биатлон сайыстары, министрдің айтуынша, Талғар шатқалында өтпек, ал тау шаңғысы спортынан сайыстар Медеуде өтеді деп межеленген.

"Жалпы алғанда жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп жатыр, бірақ үкімет басшысының басқаруындағы ұйымдастыру комитеті деңгейінде шешілетін бірқатар мәселелер бар", - деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны