29.07.2015, 16:24 21679

"Нұр Отан" сәйгүліктердіӊ жүйрігін анықтау үшін "Алтын тұлпар" дәстүрлі аламан бәйгесі шеӊберінде еліміздіӊ барша атбегілерініӊ басын қоспақ

Бүгін Қазақ хандығыныӊ 550 жылдығына орай "Нұр Отан" партиясыныӊ қолдауымен өткізілетін "Алтын тұлпар" дәстүрлі республикалық турнирініӊ баспасөз мәслихаты өтті

Астана. 29 Шілде. Kazakhstan Today - Бүгін Қазақ хандығыныӊ 550 жылдығына орай "Нұр Отан" партиясыныӊ қолдауымен өткізілетін "Алтын тұлпар" дәстүрлі республикалық турнирініӊ баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Іс-шараға ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығыныӊ президенті Бекболат Тілеухан, ҚР Мәдениет және спорт министрлігініӊ Спорт және дене шынықтыру комитетініӊ төрағасы Елсияр Қанағатов, "Нұр Отан" партиясы Орталық аппаратыныӊ Саяси жұмыс департаменті директорыныӊ орынбасары Ғалымжан Өтелбайұлы, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментініӊ директоры Айдар Махметов, Ұлттық спорт түрлерінен Қазақстанныӊ мемлекеттік жаттықтырушысы Сәттібаев Рамазан қатысты.

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған "Алтын тұлпар" сайысыныӊ басты ерекшелігі - бәйге жолыныӊ ұзартылғандығы. Яғни, өткен жылы бәйгеге түскендер 43 шақырымға шапса, биыл қашықтық 51 шақырымға жетіп отыр. Осы өзгешеліктіӊ неліктен болғандығы жайлы, бәйге жолыныӊ желісі, яғни бағдары жайлы және басқа да ұйымдастырушылық мәселелер жөнінде Ұлттық спорт түрлерінен Қазақстанныӊ мемлекеттік жаттықтырушысы Рамазан Сәттібаев жиналғандарға жан-жақты ақпарат берді. Оныӊ айтуынша, турнирге аттарды алдын ала тіркеу 3 күн бұрын өткізіледі. Сондай-ақ биылғы турнирдіӊ ұйымдастыру деӊгейі былтырғыдан да жоғары болады.

Айта кетерлігі, "Нұр Отан" партиясыныӊ қолдауымен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырып отырған "Алтын тұлпар" аламан бәйгесі 6 қыркүйек күні Астана қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан Қабанбай батыр ауылында өтеді деп жоспарланған.

Турнирге республикамыздыӊ түкпір-түкпірінен 160-ға жуық сәйгүлік қатысады деп күтілуде. Ұйымдастырушылардыӊ басты көздеген мақсаты - қазақтыӊ байырғы төл өнерін қайта жаӊғыртып, сәйгүліктердіӊ арасынан шын жүйрікті анықтау.

Биылғы "Алтын тұлпар" аламан бәйгесініӊ жүлде қоры да қомақты. Бас жүлде 10 000 000 теӊгені құрап отыр. Мәреге алғашқы жеткен 9 тұлпарға қаржылай жүлде беріледі. Жарыс жеӊімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы атынан аты аӊызға айналған Құлагер, Байшұбар, Қубас, Қарақасқа, Ақтабан, Боз ауыз, Тайбурыл, Көкбурыл, Шалқасқа, Тарлан аталымдары бойынша диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

Сондай-ақ осы шара аясында "ат сыншысы" байқауы ұйымдастырылады. Ата дәстүрін жалғап, шын жүйрікті жазбай таныған сыншыға "Толыбай сыншы", "Күреӊбай сыншы", "Кейхауыс сыншы" атындағы арнайы жүлделер тағайындалып отыр. Сонымен бірге, баспасөз мәслихатыныӊ модераторы Б.Тілеуханныӊ айтуынша, турнир шеӊберінде 1000 адамдық үлкен ас беріледі, айтыс өтеді, бауырсақ фестивалі, қымыз түрлерініӊ көрмесі, ұлттық жәдігерлер көрмесі мен ұлттық қөлөнер шеберлерініӊ шеберхана көрінісі ұйымдастырылып, ат тағалаушы шеберлердіӊ жарысы өтеді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны