08.02.2022, 20:34 25891

Олимпиаданың төртінші күні: қазақстандық шаңғышылар 1/4 финалға шыға алмады

Олимпиаданың төртінші күні: қазақстандық шаңғышылар 1/4 финалға шыға алмады
Сурет: Турар Казангапов, пресс-служба НОК Казахстана
БЕЙЖІҢ. 8 АҚПАН - Сейсенбі күні, 8 ақпанда Бейжіңдегі 2022 жылғы Олимпиадада қазақстандық тоғыз спортшы өнер көрсетті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
 
Қазақстандық шаңғышылар Виталий Пухкало мен Евгений Величко спринттен Олимпиада ойындарының ширек финалына өте алмады. Величко 62-ші, Пухкало 66-шы нәтиже тіркеді. 
 
Еске сала кетейік, 1/4 айналымға алғашқы отыз орынға іліккен шаңғышылар өтеді. 
 
Бейжің Олимпиадасында биатлоннан ерлер арасындағы жекелей сын аяқталды. Бұл сында Қазақстан атынан екі спортшы жарыс жолына шықты. 
 
Владислав Киреев ату кезінде мүлт кетпей, 25-ші орын иеленді. Ал Александр Мухин атудан төрт рет қателесіп, 52-ші орынға табан тіреді. 
 
Бұл бәсекеде Олимпиада чемпионы атағын француз Кентен Фийон Майе жеңіп алды. Күміс медаль Беларусь өкілі Антон Смольскийге, қола жүлде норвегиялық Йоханнес Бе еншісіне жазылды. 
 
Сонымен қатар, Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында 1500 метрге конькимен жүгіруден ерлер арасындағы жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды Olympic.kz
 
Бұл сында Қазақстан атынан Дмитрий Морозов сынға түскен болатын. Ол жеңімпаздан 3.80 секундқа ұтылып, Олимпиаданы 18-ші орынмен аяқтады. 
 
Аталған қашықтықта Олимпиада рекордын орнатқан нидерландылық Кьелд Нёйс жеңіске жетті. Күміс жүлдені оның отандасы Томас Крол иеленген. Ал қола жүлде Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Соктың еншісінде. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны