05.04.2007, 17:14 3256

Павлодардағы "Трактор" стадионын жаңалауға облыстық бюджеттен 130 млн теңге бөлінеді

ПАВЛОДАР. 5-сәуір. Kazakhstan Today. Павлодардағы "Трактор" стадионын жаңалауға облыстық бюджеттен 130 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Александр Шнейдмюллер құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Спорттық нысанды жаңалау жұмыстары облыстық бюджеттен бөлінетін 130 млн теңге көлеміндегі трансферттік қаржының есебінен жүзеге асырылады",- деді А. Шнейдмюллер.

Оның айтуынша, стадион алаңына жасанды газон төсеу жұмыстары мамыр айында басталып, футболдан ұлттық суперлига клубтарының бірінші айналым ойындары аяқталатын тұста тәмамдалады.

"Стадион алаңына жасанды газон төсеу - УЕФА басымдық беретін басты талаптардың бірі болумен бірге ол Қазақстан футболын дамыту үшін алға қарай жасалған бір үлкен қадам болмақ",- деді А. Шнейдмюллер. Оның хабарлауынша, таяу уақыттарда осындай жұмыстар Павлодардағы "Автомобилист", "Трудовые резервы" "Металлург" стадиондарында да іске асырылады.

Сонымен бірге, А. Шнейдмюллердің нақтылауынша, "Трактор" стадионы жабық тұратын уақытта жергілікті "Ертіс" футбол құрамасы өз кездесулерін басқа алаңдарда өткізеді. "Қазір біз осы мәселені анықтап жатырмыз. Ойындар не Ақсу қаласындағы, не Екібастұздағы стадионда өткізіледі",- деді ол. Жанкүйерлерді осы қалаларға автобуспен немесе темір жолмен тасымалдау жағы қарастырылады.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бастығының айтуынша, биыл облыс әкімі Қайрат Нұрпейісовтың тапсырмасымен Павлодарда балалардың арнаулы футбол мектебі ашылады, "Ертістің" болашақ ізбасарлары осы жерде дайындалмақ.

Сонымен бірге, Павлодар облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспарына сәйкес, 2009-жылдан бастап қалада қазіргі заманғы көп функциялы стадион салына бастайды. Ол еуропалық стандарттарға сай болмақ. Жаңа стадион бір уақытта 12 мың адамды қабылдай алады. "Қазір біз құрылыс алаңын анықтап жатырмыз. Біз бұрынғы трактор жасау зауытының өндірістік аймағы мен Усолка өзенінің жағалауы секілді екі жерді қарастырдық",- деді А. Шнейдмюллер.

Оның сөзіне қарағанда, осындай нысанды салуда УЕФА талабына сәйкес кіре беріс жолдардың қолайлы болуы мен бірнеше мың машина сыятын автокөлік тұрағын қарастыру қажет. "Павлодардағы жаңа спорттық стадион құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауда осындай нормалар мен ережелер толық ескерілетін болады",- деді басқарма бастығы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны