Рыбакина алғаш рет US Open турнирінде жеңіске жетіп, әлемдік рейтингте көш бастайды
Сурет: ktf.kz
Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен.
US Open турнирінен кейін қазақстандық теннисші алғаш рет WTA әлемдік рейтингінде де көш бастайды.
US Open турнирінің финалдық кездесуінде қазақстандық теннисші Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті. Кездесу Рыбакинаның жеңісімен аяқталды - 6:4, 5:7, 6:2.
Кездесу барысында қазақстандық теннисші 12 эйс жасап, бес қос қателікке жол берді және 12 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды..
Нью-Йорктегі бұл титул Елена үшін жекелей сында "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі үшінші чемпиондық атақ болды. Қазақстандық теннисші осы санаттағы алғашқы жүлдесін 2022 жылы Уимблдонда жеңіп алды. 2026 жылдың басында Рыбакина Australian Open чемпионы атанса, енді өз жүлделер топтамасын АҚШ ашық чемпионатының титулымен толықтырды.
Рыбакинаны тарихи жеңісімен Қазақстан gрезиденті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
" Бұл - Сіздің әлемнің бірінші ракеткасы атағына лайық екеніңізді растайтын тамаша табыс. Сіз тағы да асқан шеберлік пен табандылық танытып, жоғары мәдениетіңізбен көпшілікті тәнті еттіңіз. Қазақстан халқы жетістіктеріңізді мақтан тұтады. Ерен жеңісіңіз жаңа белестерді бағындыруға жол ашсын! Сіздің кәсібилігіңіз Қазақстанның жас теннисшілері үшін үлгі-өнеге", - делінген құттықтауда.
Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов та Рыбакинаны жеңісімен құттықтады.
"Бұл - Еленаның орасан зор жеңісі әрі Қазақстан теннисі үшін тарихи күн. Еленаға тағы да бар күш-жігерін салып, әлемдегі ең ірі теннис ареналарының бірінде ең жоғары деңгейдегі ойын көрсеткені үшін алғыс айтамын. Елена еліміздегі теннистің табысты дамуын жарқын түрде көрсетіп келеді. Оның әлемдік теннистің ең биік шыңына көтерілуі қазақстандық жас теннисшілер үшін үлкен шабыт көзі болатыны сөзсіз", - деді Өтемұратов.
US Open турниріндегі жеңіс Рыбакинаның 2026 жылғы маусымдағы тағы бір тарихи жетістігі болды. Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық теннисші мансабында алғаш рет WTA әлемдік рейтингінің көшін бастайды.
Естеріңізге сала кетсек, Рыбакина жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілген Қазақстанның тұңғыш өкілі атанған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

