16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салу: Құрылтай депутаттары шектеу тетігін ұсынды
Сурет: Depositphotos
Құрылтай депутаттары 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу тетігін әзірлеуді, олардың дербес деректерін қорғауды күшейтуді және әлеуметтік желілердің оқушылардың денсаулығы мен оқу үлгеріміне тигізетін әсеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов премьер-министр Олжас Бектеновке тиісті депутаттық сауал жолдай отырып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейін 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне заңнамалық тұрғыдан тыйым салу туралы бастаманы қолдағанын еске салды.
Депутаттың айтуынша, мәселенің өзектілігі артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүргізген зерттеуге 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірім қатысты. Әлеуметтік желілерді проблемалық деңгейде пайдаланатын жасөспірімдердің үлесі 2018 жылдың 7 пайызынан 2022 жылдың 11 пайызына дейін өскен.
ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізілген зерттеу нәтижесінде, Қазақстандағы 9-10 жастағы балалардың 60 пайызы және 11-12 жастағы балалардың 66 пайызы әлеуметтік желілерде аккаунттары тіркелгені белгілі болды. Ал, балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар және олар ең танымал TikTok, YouTube және Instagram платформаларын еркін пайдаланып отыр деген сөз.
Сондай-ақ, балалар әл-ауқаты индексіндегі 10-18 жас аралығындағы әлеуметтік желілер арқылы жасалатын буллингке ұшыраған балалардың көрсеткіші екі еседен асып, 2024 жылы - 15 пайызға, 2025 жылы - 33,5 пайызға көтерілген.
Депутаттық желіге шамадан тыс әуестік баланың кітап оқуына, спортпен айналысуына, отбасымен қарым-қатынасына және сабаққа дайындалуына бөлінетін уақытты қысқартады. Соның салдарынан зейін қою, ақпаратты терең қабылдау және өздігінен ойлау дағдылары түбегейлі әлсіруі мүмкін екені атап өтілген.
Депутат сондай-ақ заңнамалық тұрғыдан салынған тыйымның өзі жеткіліксіз екенін атап өтті. Пайдаланушылардың жасы қалай тексерілетіні, балалардың дербес ақпараты қалай қорғалатыны және жалған аккаунттар арқылы шектеулерді айналып өту әрекеттері қалай бұғатталатыны айқындалуы қажет. Бұл ретте білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділікті сақтау маңызды.
Осыған байланысты депутаттар Үкіметтен 1. 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін әзірлеуді, олардың дербес және цифрлық деректерін қорғауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ оқушыларға цифрлық гигиена, медиасауаттылық және әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі түрде үйретуді сұрады.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің балалардың психологиялық жағдайына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін тұрақты түрде зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін құру ұсынылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

