16.01.2007, 15:27 3087

2006 жылы жалпы республика бойынша тәркіленген героиннің 50 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының үлесінде

ШЫМКЕНТ. 16-қаңтар. Kazakhstan Today. 2006 жылы тәркіленген героиннің жартысына жуығы Оңтүстік Қазақстан облысының үлесінде. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД есірткі саудасымен күрес басқармасының бастығы Берікжан Мәмбетәлиев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД есірткі саудасымен күрес басқармасының героин тәркілеуге қатысты 2006-жылғы қорытындысы бойынша облыс республика көлемінде ең алдыңғы орынды иеленуде. Республиканың ішкі істер органдары барлығы 150 кг шамасында героин тәркілесе, оның 71,5 кг Оңтүстік Қазақстан облысында тәркіленген. Оңтүстік Қазақстан облыстық полицейлер заңсыз есірткі айналымынан 465,9 кг есірткі заттарын тәркілеген",- деп хабарлады Б. Мәмбетәлиев.

Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД есірткі саудасымен күрес басқармасы бастығының мәліметтеріне сүйенсек, 2006 жылы облыс бойынша есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 635 (2005 жылғыдан 91 артық) қылмыс анықталған, оның ішінде 211 (5 артық) сату дерегі, 22 (3 артық) - контрабанда, 345 (94 артық) есірткі заттарын сақтау, 53 есірткілік өсімдіктерді егу және азғындық ұясын ұстауға қатысты 1 жағдай тіркелген.

Б. Мәмбетәлиев есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 547 адам, оның ішінде 44 әйел жауапқа тартылғандығын хабарлады. Ұсталғандардың арасында ТМД елдерінің 23 азаматы бар, олардың 20-ы Өзбекстан азаматтары, екі Тәжікстан азаматы және бір Қырғызстан азаматы. Жыл басынан бері есірткі қылмыстарын жасағаны үшін іздеуде жүрген 40 қылмыскердің 27-і табылған.

"2004-2006 жылдары ұйымдастырылған арнайы шаралар нәтижесінде облыс бойынша есірткі өткізетін 93 тұрақты орындар мен тоғыз есірткі заттарын пайдаланатын ұялар жойылып, 10-15 жыл бойы өз бизнестерін жүзеге асырып келген ұйымдастырушылар қылмыстық жауапқа тартылды", - деді Б. Мәмбетәлиев.

Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД есірткі саудасымен күрес басқармасының бастығы есірткіні өткізу орындарын жою нәтижесінде есірткі заттарын пайдалануға бейім тұлғалардың саны да азайды деп санайды. Сонымен қатар, ол облыстық есірткі орталығының мәліметтеріне сілтеме жасайды, яғни Оңтүстік Қазақстан облысындағы есірткі пайдаланушылардың жалпы санының 739 адамға (2005 жылы 4396, 2006 жылы 3657), оның ішінде әйелдер 18 адамға (283-тен 265-ке дейін) және кәмелеттік жасқа толмағандар саны біреуге (алтыдан бесеуге дейін) азайған.

Бірақ, бұрын хабарлағанымыздай, 2006 жылдың қараша айындағы ВИЧ індетімен күрес жөніндегі облыстық штабтың отырысында облыстық есірткі диспансерінің бас дәрігері Сейітжамал Пакеев "қазіргі уақытта ресми тіркелген нашақорлардың санының төмендегені байқалады", деп мәлімдеді. "Бірақ, бұл біздің қазіргі уақытта бір жыл немесе одан да көп жылға сотталғандарды, сонымен қатар ұзақ уақыт ремиссияда болған нашақорларды тіркеуден шығаратынымызға байланысты",- деді ол. "Сондай-ақ, бізде есірткіге тәуелділерге медициналық және психологиялық көмек көрсететін мемлекеттік емес, мекемелік емес бөлімдер жұмысының нәтижесін есепке алған статистикалық мәліметтер жоқ",- деді С.Пакеев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны