22.12.2006, 14:13 2608

2006-жылы Қазақстанда шетелдердің арнаулы қызметтерінің үш тыңшысы әшкереленді

АСТАНА. 22-желтоқсан. Kazakhstan Today. 2006-жылы Қазақстанда шетелдердің арнаулы қызметтерінің үш тыңшысы әшкереленді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР ҰҚК-нің ресми өкілі Кенжеболат Бекназаров құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Олардың екеуі Қазақстан азаматтары. Және олар ҚР Қылмыстық кодексінің 165-ші бабы бойынша сотталды. Онда мемлекетке сатқындық жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылған",- деді К.Бекназаров. Оның айтуынша, бұл екеуі тиісінше 12 және 10 жылға бас босандықтарынан айрылды.

К.Бекназаров сотталғандардың қандай елдердің арнаулы қызметіне жұмыс істегенін атаудан бас тартты. "Дүние жүзіндегі арнаулы қызметтер шетелдердің барлау қызметтерінің қылмыс үстінде қолға түсіп қалған тыңшыларының атын атамайды. ҰҚК бірқатар шетелдік әріптестермен осындай мәліметтерді жария етпеу жөнінде уағдаластық жасасқан",- деді ол.

ҰҚК өкілінің нақтылауынша, мемлекетке сатқындық жасағаны үшін сотталғандар "әскери құпиялар, мемлекеттің саясаты, технологиялар мен ғылыми жаңалықтар саласындағы түрлі бағыттағы мәліметтерді жинақтаған".

Сонымен бірге К.Бекназаровтың айтуынша, олар сондай-ақ күш құрылымдары, ҰҚК мен ҚР қорғаныс министрлігінің іс-қызметіне де қызығушылық танытқан.

"Қазақстан полициясының бұрынғы қызметкері болған олардың бірі елімізден құпия ақпаттары бар құжаттарды, соның ішінде, ішкі істер органдары, ҰҚК мен қорғаныс министрлігіне қатысты тапсырмалар мен нұсқауларды алып шығуға әрекет жасаған кезінде қолға түсті",- деді ҰҚК өкілі.

Оның айтуынша, сотталған сондай-ақ Қазақстанның арнаулы қызметінің тыңшылары аппаратының іс-қызметіне қатысты ақпараттарды да жинақтаған.

Сонымен бірге Бекназаровтың айтуынша, 2006-жылы басқа мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің іс-қызметіне қатысы бар деген күдікпен және еліміздің аумағында Қазақстанға келген мақсаты жайында ресми көрсеткен іспен айналыспаған 17 шетел азаматы Қазақстан аумағынан аластатылды. Олардың бәрі де ендігі жерде еліміздің аумағына келе алмайды, деді К.Бекназаров.

Ол сонымен бірге 2006-жылы мемлекеттік мекемелерді тексеру барысында құпиялық режимін бұзуға қатысты 3000 заң бұзушылық әшкереленгенін жеткізді. "Бұл заң бұзушылықтар үшін 230 адам әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды".

Бұған қоса ҰҚК таратқан баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, 2006-жылы бір шетелдік компанияның мүддесі үшін мемлекеттің құпияларын жинақтағаны және заңсыз пайдаланғаны үшін Қазақстанның бір азаматы мен бір шетелдік сотталды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны