01.12.2019, 20:34 36355

Алматыда 2020 жылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға жыл сайын 30 млрд. теңге бағыттау жоспарланған

Б.Сағынтаев: "Болашақ Алматыда" барлық аудандар бірыңғай дамыған әрі ондағы өмір сүру деңгейі де жоғары болмақ.

Алматы. 1 желтоқсан. Kazakhstan Today - Алматыда 2020 жылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға жыл сайын 30 млрд. теңге бағыттау жоспарланған. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ОКҚ-тегі брифингте айтты.

1.Б. Сағынтаев: 2023 жылы Алматы тұрғындары ауыз сумен 100% қамтамасыз етілетін болады.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалықтардың өмір сүру сапасын арттырудағы бірінші кезектегі мәселе ретінде қалалық инфрақұрылымды модернизациялауды қолға алды.

ОКҚ-тегі брифингте Алматы әкімі Б. Сағынтаев оңтүстік астананың 23 ықшамаудандарындағы 105 мың тұрғынның 2023 жылы ауыз сумен 100% қамтамасыз етілетінін айтты. Бүгінде су құбылары мен кәріз желілерін тарту жұмыстары басталды.

Көше жарығы - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тікелей және жанама ықпал ететін факторлардың бірі.

"Біз қала бюджетін бұрын еш жарығы болмаған көшелерді жарықтандыруға бағыттадық. Қазіргі кезде осындай 208 көшенің сыртқы жарығының құрылысы аяқталды", - деді Бакытжан Сағынтаев және келер жылы 1176 көшенің жарығы реттелетінін атап өтті. Осылайша, сыртқы жарық деңгейі 100%-ға дейін жететін болады.

Айта кетерлігі, Алматының абаттандырылған аулаларының үлесі 55%. Жыл басынан бері 672 аулалар абаттандырылды. 2020 жылдан "Менің аулам" ауқымды бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынады. Аулаларды толық абаттандыру таяудағы екі жыл ішінде аяқталады.

2. Б. Сағынтаев: қоғамдық автопарктің 90%-ы жаңарды және 10 электробус шығарылды.

ОКҚ-тегі брифингте Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 2020 жылы Алматының шетіндегі 120 шақырым жаңа жолдың құрылысы басталатынын айтты.

Алматы әкімдігінің алдында тұрған қысқа мерзімді міндет - жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 75%-ға дейін жеткізу. Бүгінгі күні 231 көшедегі 54 шақырым жолдың құрылысы аяқталды.

"Ұзындығы 135 шақырым болатын 147 көшедегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы Алматының шетінде тағы 120 шақырым жолдың құрылысы басталады", - деп нақтылады Б. Сағынтаев.

Алматылықтар үшін ең өзекті мәселенің бірі қоғамдық көліктің жұмысы. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру - алматылықтардың өмір сүру деңгейін жақсартудағы басты міндеттердің бірі.

"Осыған орай біз қоғамдық көлік санын арттырамыз. Коммерциялық құрылымдар 172 автобус сатып алды. Қала бюджеті есебінен газбен жүретін тағы 260 автобус алынды", - деді қала әкімі Б. Сағынтаев және жаңарған автобус парктерінің 90%-ға жеткенін нақтылады.

Қалада барлық троллейбус желісін модернизациялау басталды. Әкімдік қоғамдық көліктің экологиялық таза түріне көшуге жете назар аударатын болады. Мысалы, көлік өте қажет және ұзын бағыттарға 10 электробус шығарылды.

3. Алматыда таяудағы екі жыл ішінде 13 мың орынға арналған жаңа мектептер ашылады - Б. Сағынтаев.

ОКҚ-дағы брифингте Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 29 қазандағы жұмыс сапары кезінде мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы проблемаларын шешу жөнінде берген тапсырмасының қалай жүзеге асатыны туралы айтты.

Бүгінгі күні Алматы мектептеріндегі орын тапшылығы 30 мыңды құрайды. Балабақшаларда орын тапшылығы - 20 мыңнан астам.

"Бұл проблемаларды шешу үшін мемлекеттік-жеке әріптестік қағидасы бойынша мектептер салу бағдарламасы әзірленді. Таяу арадағы екі жыл ішінде шамамен 13 мың орынды сегіз мектеп салынатын болады", - деді Б. Сағынтаев.

Оның айтуы бойынша, 2020 жылдың басында 790 орынды бес балабақша пайдалануға беріледі, жаңа оқу жылында 1800 орынды екі мектеп және бұрыннан бар мектептердің жанынан 2017 орынды бес қосалқы нысан іске қосылады.

Бұдан өзге, бұл іске мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жолымен жеке бизнес тартылуда. 2020-2022 жылдары жеке инвестициялық есебінен 2240 орынды төрт мектепті,

8000 орынды 300 балабақшаны ашу жоспарлануда.

"Осылайша аталған шаралар екі ауысымда білім алатын мектептердегі тапшылықты 30 мың орынға қысқартады, сонымен қатар, балабақша кезегін 10 мың орынға азайтады", - деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

4. Б. Сағынтаев: Алматының жаңа ықшамаудандары мен қалаға қосылған аймақтарда 35 дәрігерлік амбулаториялар ашылады.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев қалалықтарды "қадамдық жақындықта" әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету үшін медицина сапасын арттыру жөнінде қандай шаралардың жүзеге асатыны туралы айтты.

Қала медицина саласындағы нақтылы істі анықтау үшін барлық медициналық мекемелерге аудит жүргізілді. Емханалар мен ауруханалардағы 30 мыңнан астам жабдықтардың 10 мың техникалық бірлігі моральдық және физикалық жағынан тозған.

"Осыған орай, әрбір медицина ұйымдары және аудандар бойынша жабдықтарды модернизациялаудың үш жылдық жоспары әзірленді. Медициналық жабдықтарды сатып алуға 60 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарлануда. 2020 жылдың өзінде 20 млрд. теңгенің жабдықтары алынатын болады", - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бұдан өзге "қадамдық жақындық" қағидасы бойынша таяудағы үш жыл ішінде жаңа ықшамаудандар мен қалаға қосылған аумақтарда 35 дәрігерлік амбулаториялар ашылады. Олардың жетеуі қазірдің өзінде жұмыс істеуде. Жыл аяғына дейін тағы үшеуі ашылады.

Алатау ауданында қарашада Жедел медициналық көмек қызметінің жаңа қосалқы стансасы ашылды, осының арқасында Әуезов және Алатау аудандарының сырқаттарына дәрігерлік бригадалардың бару уақыты 25 минуттан 11-13 минутқа дейін қысқарды.

Ағымдағы жылы жедел жәрдем паркі 38 машинаға жаңарды. Келер жылы тағы 75 жедел жәрдем каретасы сатып алынады. Осылайша 2020 жылы қызметтің жабдықталуы 100%-ға дейін жетеді.

5. Алматыда қылмыс саны 10,2%-ға қысқарды - Б. Сағынтаев.

ОКҚ-дағы брифингте Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, қалалықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және криминалмен күресті күшейту шаралары туралы айтты.

Қоғамдық қауіпсіздік - Алматы әкімі жұмысындағы басты бағыттардың бірі.

"Біз полицияның материалдық-техникалық жарақтануын жақсартудамыз. Қазірдің өзінде еліміз бойынша ең жоғары және оның деңгейі 87%. Таяу арада қала полициясы тағы 85 жаңа автокөлік алатын болады", - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қаланың барлық аудандарындағы құқық қорғау қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін полицияның 13 фронт-офисі ашылады. Мұнда қалалықтар "бір терезе" қағидасы бойынша жайлы жағдайда қызметтер алады.

"Президент Қ-Ж. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша видеомониторинг жүйесі енгізіледі. Таяу арада қала көшелеріне "Сергек" видеофиксация жүйесінің 707 постысы орнатылады", - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Жыл аяғына дейін 400 пост орнатылады, 2020 жылы орнатылатыны - 307.

Алматылықтардың өтініштері бойынша, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың жедел шаралары қабылданды. Қаланың криминогенді аудандарында полицияның 32 жаңа жаңа модульді, мобильді пункттері жұмыс істей бастады.

Жаяу патрульдеу күшейтілді, мұнда аулаларды қадағалауға басымдық берілген. Патруль жүргізудің 550 бағыты жасалды.

Жүзеге асырылған шаралар қылмыс санын 10,2%-ға қысқартты және оларды ашуды 26-дан 30%-ға дейін арттырды.

6. Б.Сағынтаев - Алматыда 2020 жылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға жыл сайын 30 млрд. теңге бағыттау жоспарланған.

Алматы әкімдігі кәсіпкерлік қызметке алматылықтарды кеңінен тартуға баса назар аудармақ. Бұл туралы қала әкімі Б.Сағынтаев ОКҚ-де өткен брифингте мәлімдеді.

Шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істейтін 2/3 алматылықты жұмыспен қамтамасыз етеді және жиналған салықтардың 63%-ын әкеледі. Қала экономикасындағы ШОБ-тың рөлі шағын бизнестің КТС жергілікті бюджетке берілгеннен бері маңызы артты. "Кәсіпкерлікті дамытудың жаңа "Алматы Бизнес 2025" бірыңғай өңірлік бағдарламасы әзірленді. Қаланың бес ауданында "Qolda?" кәсіпкерлік орталықтарының бөлімшелері құрылды. Мұнда бизнесмендер "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтің 525 түрін ала алады. Бұл - көрсетілетін қызметтердің мерзімін қысқартып, қолжетімділігін арттырады", - деп атап өтті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бизнес үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыру мақсатында "Алматы" ӘКК базасында жалпы капиталы 2019 жылы 3 млрд. теңге болған AlmatyFinance компаниясы және "Almaty" микроқаржы ұйымы құрылды. Бұл ретте қаланы теңгерімді дамыту үшін сараланған мөлшерлеме қолданылады: көпбалалы әрі аз қамтылған отбасылар мен өнеркәсіптік парктердің резиденттері үшін 2%, ал қалған аудандар үшін 7%. ШОБ жобаларын екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру үшін "Даму" қорымен бірлесіп тепе-тең негізде қосымша 2 млрд. теңге бөлінді. Келесі жылы осы бағыт шеңберінде тағы 10 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар, жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар (БЖК-2020, АӨК) аясында 554 ШОБ жобасы қаржыландырылды, 4,4 млрд. теңге көлемінде субсидия төленді. "Жалпы, ШОБ қаржылық қолдаудың жалпы көлемін ағымдағы жылы 4,5 млрд. теңге, келесі жылдан бастап 30 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр", - деп атап өтті қала әкімі Б. Сағынтаев.

Жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттарға түрлі форматтағы оқыту курстары өткізіледі. Қыркүйек айынан бастап мотивациялық курстар басталды. Оқулар ағымдағы жылдың соңына дейін 75 мың адамды, ал келесі жылы 200 мың адамды қамтымақ.

"Бастау Бизнес", "Жас кәсіпкер", "IskerAna" қалалық оқыту бағдарламалары белсенді іске асырылуда. 2000-нан астам көпбалалы ана кәсіпкерлік курстарынан өтті. Өз ісін ашу үшін 155 адам грант пен 77 құрал-жабдық алды. Осылайша 230 көпбалалы ана өз ісін бастады. Жыл соңына дейін көпбалалы аналарға мыңнан астам грант және жылдық үстемесі 2% болатын 150-ге жуық жеңілдетілген шағын несие беру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс алғашқы нәтижесін беріп үлгерді. Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 10 айда 8,9%-ға өсіп, 190 мыңнан астам адамды құрады.

7. Б.Сағынтаев: Алматының зәкірлі инвесторларымен құны $7,5 млрд. болатын 58 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Қала әкімі Б.Сағынтаев ОКҚ өткен брифингте қаланы дамыту үшін инвестиция тартудың шаралары туралы мәлімдеді. Алматы елдегі бизнес жүргізу үшін ең қолайлы аймақ болып табылады.

Doing business қосалқы ұлттық рейтингінің нәтижелері бойынша ел аймақтары арасында Алматы бірінші орынға ие болды.

"Тағы бір ескеретін жәйт - осы жылдың қыркүйек айында Fitch агенттігі біздің қалаға Қазақстанның егемен рейтингі деңгейінде "ВВВ" несиелік рейтингін берді. Ол инвестиция үшін тәуекелдердің төмен деңгейін білдіреді және қала үшін ұзақ мерзімді қаржыландыруды тартуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев. Ірі зәкірлі инвесторларды тарту үшін оның құрылымында AlmatyInvest құра отырып, "Алматы" ӘКК қызметі қайта құрылды. Бүгінгі күні құны 7,5 млрд. доллар болатын 58 инвестициялық жоба жұмыс істеуде. "Бізге әлемдік инвестициялық радар картасына кіру қажет. Жақында Алматыда өткен инвестициялық форум инвесторлардың біздің мегаполиске және оның даму жоспарларына деген үлкен қызығушылығын көрсетті. Біз осы бағытта белсенді жұмыс істейміз", - деп атап өтті қала әкімі Б. Сағынтаев. Естеріңізге сала кетейік, 27 қарашада AlmatyInvestment Forum-2019-ға 700-ден астам іскер топ өкілдері тіркелді, оның ішінде 142-і шетелдік, 126-і Қазақстандағы халықаралық компания өкілдері. Форум қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтар арасында 2,3 млрд. доллар сомаға ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы 30-дан астам меморандумға қол қойылды.

8. Б.Сағынтаев: біз жаңа технологиялық буынның тауарлары мен қызметтерінің пайдасы жолындағы құрылымдық реформалар үстіндеміз.

ОКҚ-да өткен брифингте қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қала мен әрбір алматылықтың әл-ауқатын арттыру үшін мықты экономикалық базаның құрылуы туралы мәлімдеді.

Мегаполисті дамытудың стратегиялық жоспарындағы басты бағыттардың бірі - Алматыдағы экономиканың құрылымдық реформасы болып табылады. Бүгінде қала экономикасының 30%-ға жуығында көтерме және бөлшек сауда көш бастап тұр. Содан кейін жылжымайтын мүлік операциялары шамамен 10% және қаржылық операциялар - 9%. Өнеркәсіп, құрылыс, әлеуметтік экономика және жаңа индустрияның үлесі шамалы. "Мұндай жағдайда қала тез дамымайды. Бұл қаланың экономикалық жүйесінің әлсіз тұстары. Сондықтан біз жаңа технологиялық буын тауарлары мен қызметтерінің пайдасына құрылымдық реформаларға барамыз", - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Айтуынша, басты тұтас құрылымдық маневр қала мен әрбір алматылықтың әл-ауқатын арттыру үшін берік экономикалық база құру болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматыда өткен AlmatyInvestment Forum-2019-да алдағы жылдары "Алматы-2050" стратегиясына сәйкес Алматыда экономиканың қандай салалары қарқынды дамитынын атап өткен болатын. Біріншіден, мегаполистің жаһандық іскерлік орталық, Жаңа Жібек жолындағы көлік-логистикалық және туристік аймақ ретінде қалыптасуы мақсатында өңірлік және халықаралық нарықтарда көрсетілетін қызметтері талап етілетін білім мен жоғары біліктілікті талап ететін салалар дамитын болады. Бұл - қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, логистика және дистрибуция. Екіншіден, Алматы қаласының құрылыс кешені - тұрғын үй жылжымайтын мүлік, медициналық және білім беру инфрақұрылымы, жол құрылысы мен коммуналдық шаруашылық, демалыс және ойын - сауық объектілері инвестициялар үшін тартымды болып табылады. Үшіншіден, Алматының экономикалық өсуінің маңызды драйвері болып әлеуметтік экономика болып табылады. Ең алдымен, әңгіме білім беру және денсаулық сақтау салалары туралы болып отыр.

Төртіншіден, Алматы экономикасының өсу драйвері ретінде туризм болып қала береді. Өткен жылы мегаполиске миллионнан астам адам келді. Туристік сала оқиғалық, іскерлік, спорттық, сауықтыру және мәдени - білім беру туризмін қоса алғанда, туризм индустриясының қазіргі заманғы қағидаттары негізінде дамитын болады. Әлемдік мегаполистердің тәжірибесі турағындардың қайда баратынын, онда қандай инвестициялар құйылатынын көрсетті. 2050 жылға қарай қаланың ЖӨӨ-дегі туризм үлесі 6%-ға жетуі тиіс.

Бесіншіден, Алматы жоспарлау мен құрылыс салуда, тұрғын үй мен коммуналдық қызметтерді қамтамасыз етуде, қауіпсіздік, көлік, білім беру, халықтың денсаулығы салаларында, қаланы қалалықтармен бірлесіп басқаруда үздік әлемдік смарт-тәжірибелерді қолданатын "ақылды қала" ретінде дамитын болады. Қала экономикасының жаңа индустриясын цифрландыруға елеулі үлес жасалады; электронды коммерция мен төлемдер, блок, интернет-заттар, үлкен деректер және т.б. сияқты перспективалы салаларды дамыту үшін платформалар құру.

Алтыншыдан, Алматы - бүкіл әлемнің инвестициялары мен таланттарын өзіне тартатын "білім экономикасы" инновациялар мен жаңа индустриялар орталығы ретінде дамитын болады.

Біздің қаламызда әлеуеті жоғары сегіз негізгі креативті индустрия анықталды.

9. Б.Сағынтаев: "Болашақ Алматыда" барлық аудандар бірыңғай дамыған әрі ондағы өмір сүру деңгейі де жоғары болмақ.

Алматының алдында тұрған басты мақсат - өмір сапасы мен бизнес жүргізу шарттары бойынша әлемнің үздік 100 қаласына кіру.

Бұл туралы ОКҚ брифингінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. "Жол картасының" басты мақсаты - қаланы дамытудың орта мерзімді және стратегиялық жоспарлары болып табылады. Ол үшін үш негізгі құжат әзірленді.

"Бірінші құжат - 2020-2024 жылдарға арналған "Жаңа Алматының" кешенді жоспары. Ол ел Президенті К.-Ж. Тоқаевтың "шеті жоқ қала" және "әлеуметтік инфрақұрылым қадамдық қолжетімділікпен" деген қағидаттарына негізделген", - деп атап өтті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бұл жоспарды жүзеге асыру арқылы қала тұрғындарының мектепке, аурухана, балабақша, көшелер мен аулаларды жарықтандыруға, сумен қамтамасыз етуге деген базалық қажеттілікті шешуге мүмкіндік береді. "Бұл таяудағы бес жыл ішінде 800 млрд. теңгеден астам көлемде инфрақұрылымға инвестиция салуды көздейтін теңдессіз ауқымды жоспар", - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Екінші құжат "Үлкен Алматы" деп аталатын Алматы агломерациясын дамытудың өңіраралық жоспары. Ол Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп жасалған.

"Қазір "Үлкен Алматыда", яғни қала мен қала маңындағы аудандарда 3 млн. адам тұрады. Біздің бағалауымызша, 2030 жылға қарай мұнда 5 млн.адам болады", - деп түсіндірді Б. Сағынтаев.

Алдағы 5 жылда инженерлік инфрақұрылымы бар тұрғын үйдің бір шаршы метрі 20 млн. кв-дан асатын құрылыс салу жоспарлануда. Ол үшін Алматы облысымен бірге мектептер, балабақшалар, емханалар, медициналық жедел жәрдем пункттері, ауруханалар құрылысына қажетті жер алқаптары анықталды. "Үлкен Алматы" үшін маңыздысы - көлік инфрақұрылымы. Жоспар аясында БАКАД айналма жолына алты радиалды көшені тесу көзделіп отыр. Көлік қатынасын ұйымдастыру қала аумағында үш көлік-көшіру хабын, облыстың бес елді-мекенінде автовокзал салуды көздейді. Жақын арада Батыс және шығыс бағытта Ұзынағаш, Қаскелең, Талғар және Есік елді-мекендеріне дейін қала маңындағы электр энергиясының қозғалысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Агломерация шеңберіндегі бірлескен жұмыстың маңызды бағыты - азық-түлік белдеуін ұйымдастыру. Алматы жыл сайын 1 млн.тонннан астам өнімді тұтынады. Соның тек 60%-ын Алматы және Алматы облысы компаниялары жеткізеді. Өнімді өндіру, қайта өңдеу және сақтау бойынша коммерциялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Тек қала айналасында төрт көтерме-тарату орталығы, екі ет комбинаты, жеті жылыжай, екі сүт фермасы салынады. Үшінші және ең маңызды құжат - Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленген "Алматы-2050" ұзақ мерзімді Даму стратегиясы. Құжатта қаланың бар күшті жақтары мен сын-қатерлері талданып, қала дамуының жеті негізгі стратегиялық бағыттары анықталды.

"Алматының болашағына қатысты көзқарасымыз - бұл шеті жоқ қала. Онда барлық аудандар бірдей жақсы дамыған және бәрінде де өмір сүру деңгейі жоғары болады. Алматының өсуі көп орталықты болады және олар қаланың әр түрлі бөліктеріндегі бірнеше аймақтарда шоғырланады, тығыз, әртүрлі құрылымдарымен жеткілікті деңгейде жинақы болады. Олар транзиттік-бағдарлы даму қағидаты бойынша қоғамдық көліктің тармақталған және көп модалы желісімен өзара байланысты болмақ, - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны