12.12.2019, 16:52 87465

2020 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру тәсілдері түбегейлі өзгертілетін болады

2020 жылы консультациялық-диагностикалық көмекке арналған шығыстар 168,6 млрд. теңгеге дейін 6 есеге, медициналық оңалтуға -55,7 млрд. теңгеге дейін 9 есеге артады.

Алматы. 12 желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстанда 2020 жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі отыр. 1-қаңтардан бастап медицина саласы үш деңгейде қамтамасыз етіле бастайды. Ендеше, осынау ірі өзгерістің мән-жайы, оның экономикалық жақтарына қатысты сұрақтарға "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" Коммерциялық емес Акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов жауап береді.

Сұрақ: Марат Едігеұлы, МӘМС енгізу 2025 жылға таман "қалта шығындарын" шамамен 2 есе қысқартады деп болжануда. Ендеше, қандай шығындар қысқаратыны туралы айтып берсеңіз?

Жауап:МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) енгізу есебінен денсаулық сақтау жүйесін қосымша қаржыландыру консультациялық-диагностикалық көмекке, медициналық оңалтуға, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған шығыстарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Медициналық көмектің осы түрлерін қаржыландыру көлемін ұлғайту ТМККК (Тегін медициналық кепілдендірілген көмек көрсету) қаржыландырудың бұрын қалыптасқан тапшылығын жабуға және халықтың жеке шығыстарының үлесін шамамен 2 есеге азайтуға бағытталған.

Сұрақ:Жуырда өткен үкіметтің отырысында МӘМС енгізу нәтижесінде сақтандырылған бір адамға жұмсалатын қаржы 87,3 мың теңгені құрайды, оның 53,4 мың теңгесі - Кепілдендірілген тегін медициналық көмектен, 33,9 мың теңгесі - МӘМС -тен жұмсалады деген сан айтылды. Ол қайдан алынған?

Жауап:2020 жылға ТМККК шеңберінде медициналық қызметтерді сатып алу жоспары 988,4 млрд. теңгені, МӘМС жүйесінде 580,8 млрд. теңгені құрайды.

Сұрақ:Бір адамға медициналық мақсатта бір жылда жұмсалатын қаражат (шығын) қалай есептеледі?

Жауап:Бір тұрғынға медициналық қызмет көрсетуге арналған шығыстарды есептеу - бұл Қазақстан Республикасы халқының жалпы санына шаққанда ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған шығыстардың орташа сомасы.

Сұрақ:МӘМС енгізу нәтижесінде кеңес беру-диагностикалық және сауықтыру мақсатындағы қызметтерге қолжетімділік артпақшы. Бұл қалай жүзеге асырылады?

Жауап:МӘМС енгізу денсаулық сақтау шығындарын ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Жоғарыда көрсетілгендей, 2020 жылы консультациялық-диагностикалық көмекке арналған шығыстар 168,6 млрд. теңгеге дейін 6 есеге, медициналық оңалтуға -55,7 млрд. теңгеге дейін 9 есеге артады.

Сұрақ:Қазақстанда жеңілдік алатын санаттағы азаматтардың саны 10 млн адамды құрайды. Бұлар үшін сақтандыруды мемлекет төлемекші. Осы жеңілдік санатындағы барлық категориялар үшін мемлекет төлейтін сақтандыру сомасы қандай болмақ?

Жауап:Қазақстанда қолданысқа енгізілетін медициналық сақтандыру жүйесі ортақ болып табылады, сақтандырылған тұлғаларға көрсетілген қызметтер сомасы төленетін жарналар сомасына тәуелді емес. Мемлекет "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - "МӘМС туралы" Заң) санамаланған санаттарға жататын барлық адамдар үшін тіркелген соманы төлейтін болады. 2020 жылы мемлекет жарналарының мөлшерлемесі ағымдағы жылдың алдындағы екі жылдағы орташа айлық жалақының 1,4% - ын құрайды.

Сұрақ:Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен МӘМС пакетіне енбейтін медициналық қызметтерді атап берсеңіз?

Жауап:Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде және "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысында егжей-тегжейлі келтірілген. Оған жедел медициналық көмек және санитариялық авиация, алғашқы медициналық-санитариялық және консультациялық-диагностикалық көмекті қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек, негізгі созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде, сондай-ақ шұғыл айғақтар бойынша стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, туберкулез кезіндегі қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативтік көмек және мейіргер күтімі кіреді. Бұдан басқа, жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде және амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету.

Сұрақ:Мемлекет сақтандыратын мүгедек жандар мен МӘМС пакетін алатын сақтандырылған адамдарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы да әртүрлі болып, алалаушылыққа жол берілмей ме?

Жауап:ТМККК шеңберінде, сондай-ақ МӘМС жүйесінде медициналық қызметтердің сапасы мен көлемі мүгедектіктің болуына да, төлем көзіне де байланысты емес. Егер адам сақтандырылған болса - ол уәкілетті орган бекіткен медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес МӘМС жүйесінде (айғақтар болған жағдайда) барлық қажетті медициналық көмекті алуға құқылы.

Сұрақ:Мемлекет сақтандыратын мүгедек жандар, мысалы, стамотологиялық және басқа да қымбат қызметтерге ендігі жерде қалай қол жеткізеді?

Жауап:Жоғарыда көрсетілгендей, МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің көлемі мемлекет, жұмыс беруші немесе азаматтың өзі жарна төлейтін адамға байланысты емес. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысымен бекітілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек тізбесіне сәйкес жоспарлы стоматологиялық көмек балаларға және жүкті әйелдерге маманның жолдамасы бойынша көрсетіледі. Шұғыл стоматологиялық көмекті (жіті ауру) халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын тұлғалар ала алады: балалар, жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысына қатысушылар; 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратындар.

Сұрақ: Қор басшысы А. Жұмағұлов:"Егер ауыл тұрғындары қандай да бір күрделі медициналық қызметтерге жүгінгісі келсе, облыстық немесе республикалық деңгейге шығып, сол қызметті алуға мүмкіндіктері болады. Әсіресе, қымбат диагностикалық қызметтер, компьютерлік томография, МРТ, басқа да анализдер, онкологиялық ауруларға байланысты (қымбат бөлігіне ғана) диагностика жасау,ота және т.б.",- деді. Ауыл тұрғыны, мысалы Алматыға келіп қымбат қызмет тұтынғысы келсе, не істейді? Қайда барып не істеуі керек? Ауылдағы жұмыссыз аналар, жалпы ауыл тұрғындары қалай сақтандырылмақшы?

Жауап:Ауыл тұрғындарына барлық деңгейде медициналық көмек көрсетіледі. Ауылдық немесе аудандық деңгейде медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда, науқас емдеуге жатқызу бюросының порталы және науқастың клиниканы еркін таңдауы арқылы облыстық, немесе, қажет болған жағдайда республикалық деңгейге жіберіледі.

Аударымдар және/немесе жарналар алынған немесе жарналарды төлеуден босатылған адамдарға қатысты ауыл тұрғындары толығымен сақтандырылады. МӘМС жүйесіне қатысу үшін, жұмыс болмаған жағдайда жұмыссыз ретінде тіркелу, немесе, дербес төлеуші ретінде жарналар енгізу қажет.

Сұрақ:МӘМС енгізуге байланысты мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат бөлу қарастырылған?

Жауап:Медициналық көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 1 305,4 млрд. теңге, оның ішінде ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсетуге 988,4 млрд. теңге сомасында, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар төлеуден босатылған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін мемлекет жарналары түрінде МӘМС жүйесіне трансферге - 317,0 млрд. теңге бөлу көзделген.

Сұрақ:Қарағандыда басталған пилотты жоба МӘМС енгізуге байланысты қандай проблемаларды анықтап берді? Оларды шешу үшін не істеліп жатыр?

Жауап:Қарағанды облысында МӘМС пилоттық апробациясы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен басталды. Пилоттық жобаның мақсаттары толық көлемде іске асырылды: ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде қызметтерді бөлек есепке алу, медициналық көмекке жүгінген кезде Қызметтерді тұтынушылардың мәртебесін сәйкестендіру процестері пысықталды. Қосымша қаржыландыру есебінен, медициналық оңалту көлемі 1,5 есеге, алмастыратын көмек стационары 1,2 есеге, консультациялық-диагностикалық қызметтер 2 есеге, оның ішінде компьютерлік/магнитті-резонанстық томография 3,1 есеге өсті.

Жоба шеңберінде медициналық ұйымдар қол жетімділікті қамтамасыз ету, күту уақытын төмендету, кезектерді қысқарту үшін 24/7 режиміне көшумен жұмыс кестелерін қайта қарады, мобильдік қосымшаларды пайдалану арқылы қосымша сервистік қызметтер дамуда, бұл халықтың және медициналық қоғамның МӘМС оң қабылдауына сөзсіз ықпал етеді.

Сонымен қатар, төлемдердің тұрақсыз болуына, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесін өзектендіруге, МӘМС мәселелері бойынша халықтың жеткіліксіз ақпараттандырылуына байланысты белгілі бір тәуекелдер бар.

Осы бағытта әкімдік пен Мемлекеттік кірістер департаменті өз бетінше жұмыспен бейресми айналысушыларды анықтау және оларға экономикалық белсенді халық мәртебесін беру бойынша бірлескен жұмыс жүргізілуде. Бұдан басқа, МӘМС байланысты мәселелер бойынша халықпен кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізуде.

Қор медициналық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін жұмыс және халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Қазіргі уақытта медициналық көмекпен қанағаттануын бағалау бойынша халықпен кері байланыс арналары қалыптастырылды және іске асырылды.

ТМККК және МӘМС мәселелері, төлем тәсілдері және берешектің болуы бойынша халыққа кеңес беру үшін 1406 бірыңғай Call-орталығы ұйымдастырылған. Қордың әрбір өңірлік филиалында азаматтарды қабылдау кабинеттері ұйымдастырылған. Сондай-ақ, тұрақты негізде Қордың медициналық қызметтердің сапасына мониторинг және сараптама жүргізу бойынша сарапшылары жұмыс істейді.

Халықтың медициналық қызметке қанағаттануын бағалау мақсатында мобильді қосымша әзірленді, СМС-кері байланыс қызметтері іске асырылды.

Сұрақ:2020 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, жалпы бюджетті жоспарлау тәсілдері түбегейлі өзгертілетін болады. Осы өзгерістің мәнін айтып берсеңіз?

Жауап:Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 591 бұйрығына сәйкес медициналық қызметтер көлемін жоспарлау ТМККК шеңберінде халықтың медициналық көмек қажеттілігін, ресми статистикалық есептіліктің демографиялық және эпидемиологиялық деректерін ескере отырып жүзеге асырылды.

Сұрақ:Қазір емхананың бюджеті қалай жасақталады? МӘМС енгізуден кейін ол қалай жоспарланбақ?

Жауап:Емхана бюджеті кешенді жан басына шаққандағы нормативке (КЖН) және бекітілген халық санына сүйене отырып қалыптастырылады: әрбір бекітілген адам үшін емхана түзету коэффициенттерін - жыныстық-жастық, экологиялық, жылыту маусымы мен тығыздығын ескере отырып, КЖН алады. Бұдан басқа, тар бейінді мамандар мен тиісті жабдықтар болған кезде КДҚ қызметтер, сондай-ақ стационарды алмастыратын көмек көрсете алады.

Бұдан басқа, емхана ақылы қызмет көрсете алады, медициналық қызмет көрсету бойынша және ерікті медициналық сақтандыру шеңберінде кәсіпорындармен шарт жасай алады.

Сұрақ:Келесі жылдан бастап жарна мөлшері жұмыс беруші тарапынан 2%, ал жалдамалы жұмыскер тарапынан 1% құрайды. Сондай-ақ, азаматтардың шамамен 58-60%-ы, яғни 15 санатқа жататын азаматтар (студенттер, зейнеткерлер, мүгедектер) үшін сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. Жұмыскердің немесе жұмыс берушінің тарапынан МӘМС жарнасы төленбей қалатындай жағдайларды кім қадағалап отырмақшы? Төлем жүргізілмеген жағдайда қандай да бір айыппұл немесе басқа да жаза қарастырылған ба?

Жауап: "МӘМС туралы" Заңға сәйкес аударымдардың және/немесе жарналардың және/немесе өсімпұлдардың толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асырады.

Аударымдардың және/немесе жарналардың уақтылы аударылмаған сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады және төлеуші әрбір кешіктірілген күн үшін (Қорға ақы төлеу күнін қоса алғанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде есептелген өсімпұлмен қордың шотына аударуға тиіс.

Сұрақ: "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамы емханаға көрсетілген қызметтердің саны бойынша қаржы бөледі. Қызметтердің сапасын қадағалап отыруға қауқары жете ме? Өңірлерге қаржы қалай бөлінеді? Егер емдеу мекемелері сұраған қаржы жетпесе не істейді? Бюджет пен қор бөлетін қаражаттың пропорциясы қалай анықталады?

Жауап:Медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үшін мониторингтің үш деңгейлі моделі енгізілді. Әрбір деңгейдегі сарапшылар өз өкілеттіктері шеңберінде жұмыс істейді. Яғни, І деңгейдегі сарапшылар ақпараттық жүйелерде мониторинг жүргізеді; ІІ деңгейдегі сарапшылар-денсаулық сақтау субъектілеріне барады; ІІІ деңгейдегі сарапшылар өліммен аяқталған жағдайларға сараптама жүргізеді. Алдағы уақытта медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына жүйелі мониторинг жүргізу, пациенттердің медициналық көмектің сапасына қанағаттануын бағалау жоспарланып отыр. Мұндай тәсіл медициналық көмек көрсетудің сапасын жан-жақты қадағалауға және бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғанын тексеруге мүмкіндік береді.

"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамы орталық аппараты өңірлер бөлінісінде медициналық көмекке арналған бюджетті жоспарлайды. Ақшалай қаражаттың жалпы болжамды көлемін анықтау кезінде халықтың медициналық көмекке мұқтаждығына талдау жүргізіледі. Медициналық көмекке қажеттілікті айқындау кезінде жоспарлау процессі сырқаттанушылық, өлім-жітім және басқа да эпидемиологиялық көрсеткіштер көрсетімдерін ескере отырып жүргізілетін болады. Бұл қадам медициналық көмек шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді және жоспарлау процесін ашық және әділ етеді. МӘМС енгізумен қоса, жоспарлау процесінде НҚА-да көрсетілген аурулар тізбесіне сәйкес ТМККК және МӘМС пакеттеріне болжамды шығыстарды бөлу қағидаттарын ескеру маңызды. Ол үшін ақпараттық жүйелерден және тиісті НҚА деректерімен операция жасау қажет. Бюджет қаражатын медициналық ұйымдар бойынша бөлу "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалдарында жүргізіледі. Филиал-бұл халықтың медициналық көмекке қажеттілігін қалыптастыру және талдау орталығы, тиісінше бір жыл ішінде филиалдар халықтың медициналық көмекке қажеттілігін бағалауды ескере отырып, медициналық қызметтерді сатып алу жоспарының орындалуына талдау жүргізеді. Толық талдау нәтижелері бойынша Филиалдар Медициналық қызметтерді сатып алу жоспарына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жібереді.

Сұрақ:МӘМС қаражаты есебінен науқастың қалауы бойынша Қазақстанда жасалатын отаны шетелдерде жасату мүмкіндігі туа ма? Бұл жерде мен адамдардың медициналық сапалы қызметті таңдау құқығын айтып отырмын. Қазір ондай мүмкіндік жоқ екені белгілі.

Жауап:Даму стратегиясына сәйкес Қор науқас адамдардың мүддесінде тиімді және сапалы медициналық көмекті Стратегиялық сатып алуды жүзеге асыратын ұйым болып табылады. ТМККК шеңберінде отандық медициналық ұйымдарда науқастарға медициналық көмек көрсету үшін технологиялар болмаған жағдайда мұндай науқастарды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен аурулар тізбесіне сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу көзделген.

Сұрақ:АҚШ-та бұрынғы президент Обама енгізген денсаулықты сақтандыру жүйесін Трамп келгенде алып тастап, ол жақта медициналық сақтандыру мәселесі үлкен дау тудырды. Әлемнің ең дамыған мемлекетінде де бұл мәселені дұрыс жолға қоя алмай, халық бәрібір медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Ол жақта көмек құны өте қымбат қалпында. Қазақстан да кейін осындай жағдайға келіп тірелмей ме?

Жауап:Медициналық сақтандыру жеке жүйесі таралған АҚШ-қа қарағанда, Қазақстанда медициналық сақтандырудың әлеуметтік жүйесі енгізілуде, онда төлем сомасы жарна сомасына байланысты емес. Бұдан басқа, АҚШ-та федералдық деңгейде медициналық қызметтер мен бағаны реттеу жоқ, соның салдарынан медициналық қызметтер өте қымбат. Біздің елде ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық ұйымдарға көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеу уәкілетті орган (Денсаулық сақтау министрлігі) бекіткен тарифтер негізінде жүргізіледі. Осылайша, денсаулық сақтау қызметтеріне жоғары баға белгілеу жағдайына жол берілмейді.

Сұрақ:МӘМС енгізуде ең табысқа жеткен мемлекет қандай?

Жауап:Дәстүрлі әлеуметтік сақтандыру жүйесі (медициналық қана емес) қуатты ел Германия болып саналады. Ол халық денсаулығының жоғары көрсеткіштерімен, медициналық көмек көрсетудің озық технологияларымен ерекшеленеді және медициналық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбатты жүргізген Жанбота Төлеген

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны