21.06.2024, 15:50 112321

500 млрд-қа жуық тиімсіз пайдаланылған қаражат: парламент Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті

500 млрд-қа жуық тиімсіз пайдаланылған қаражат: парламент Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті
Парламент Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметінен.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекітті.

Үкіметтің мәліметінше, республикалық бюджет кірістерінің жылдық жоспары 99,9 пайызға (19 трлн теңге) орындалған. Жылдық инфляция 2 есеге төмендеп, 9,8 пайызды құрады. Жыл қорытындысы бойынша нақты экономикалық өсім 5,1 пайыз болған.

Бұл ретте республикалық бюджетке (1,4 трлн теңге) және Ұлттық қорға (1,6 трлн теңге) түсетін салықтардың тапшылығы байқалып отыр. Үкіметтің қарызы 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 25 трлн теңгені құрады. Оның 72 пайызы - бюджет тапшылығын қаржыландыруға пайдаланылатын ішкі қарыздар.

2023 жылғы игерілмеген шығыстар 73 млрд теңге болды. Әкімшілік жұмыстың әлсіздігімен және орталық және жергілікті атқарушы органдардың келісілмеген әрекеттерімен қатар бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы 489 млрд теңгені құраған. Бұл ретте игерілмеген және пайдаланылмаған нысаналы трансферттерді қайтару көлемі 29 млрд теңгеге азайды. Ал квазисектор субъектілерінің қолма-қол ақшасын бақылау шоттарында анықталған бұзушылықтар мен қалдықтар 2022 жылмен салыстырғанда 97 млрд теңгеге өсті.

Қаржының тиімсіз пайдаланылуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі - жоспарлау кезеңінде мақсаттардың, индикаторлар мен нәтижелік көрсеткіштердің нашар әзірленуі. Барлық макрокөрсеткіштің 50 пайызының өнімділік деректері жоқ, өйткені олар статистикалық деректерге негізделген және есепті кезеңнен әлдеқайда кеш қалыптасады.

2022 жылы есеп бойынша Жоғары аудиторлық палатаның бірқатар ұсынымы орындалмаған әрі жаңа Бюджет және Салық кодекстері аясында әзірлеу сатысында тұр. Бұл салықтық жеңілдіктердің тиімділігін жүйелі бағалауға, стратегиялық жоспарлаудың бюджеттік жоспарлаудан басымдылығын қамтамасыз етуге, дивидендтік саясатты қайта қарауға қатысты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл тізбе дамуға бөлінетін шығыстардың көлемін бекіту, есепте бүкіл мемлекеттік басқару секторын, оның ішінде бюджеттен тыс қорларды қамтуды кеңейту, қарыздың тұрақтылығы көрсеткіштерін күшейту сияқты ұсыныстармен толықтырылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны