16.03.2023, 13:49 32776

5 жыл ішінде бюджет шығындары 120%-ға өсті: Сенат спикері министрлерді қаржылық тәртіп пен үнемділік танытуға шақырды

5 жыл ішінде бюджет шығындары 120%-ға өсті: Сенат спикері министрлерді қаржылық тәртіп пен үнемділік танытуға шақырды
Сурет: Depositphotos
Республикалық бюджеттің шығысы кірістен екі есе алда келеді

Астана. 16 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Бүгін республикалық бюджетті қарау барысында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев соңғы 5 жылда трансферттерді есептемегенде республикалық бюджеттің кірісі шамамен 66%-ға өскенін, осы уақытта шығыстар 120%-ға ұлғайғанын атап өтті.

Бір ғана санды келтірейін. Кейінгі бес жылда республикалық бюджеттің мұнайдан тыс кірісі 66 пайыз өскен. Бір қарасаң, 5 жылдың динамикасы жақсы сияқты. Ал шығыс дәл осы кезеңде 120 пайыз артқан. Яғни, бізде республикалық бюджеттің шығысы кірістен екі есе алда келеді. Осыған байланысты Үкіметтің қажетті ақшаны не ұлттық қордан, не бюджет тапшылығын ұлғайту арқылы алып отырғаны түсінікті. Бұл бюджет жобасында тапшылық бұрынғы мөлшерде қалғанын көріп отырмыз. Яғни, сәйкесінше ұлттық қордан алып отырмыз", - деді Мәулен Әшімбаев.


Оның пайымынша, Үкіметте бұдан басқа жол да жоқ.

Бірақ одан басқа көз жоқ болып тұр ғой. Немесе салық базасын ұлғайту керек. Сонда негізгі месседж - бәрімізге қаржылық тәртіпке келу керек. Ұлттық қор қаражатын тек стратегиялық шығындарға ғана жұмсауымыз керек және қордың активін арттырудың шынайы стратегиясы қолымызда болуы қажет. Жыл сайын 4 трлн теңгеден алсақ (Ұлтттық қордан - ред.), оны қалай ұлғайтамыз? Депутаттар ұлттық қордың қаражатын пайдалану стратегиясын емес, активін арттыру стратегиясын көргісі келеді", - деді Сенат спикері.


Бұған дейін Қазақстанда инфляцияның жыл соңына қарай 9-12%-ға дейін баяулауы болжанып отырғаны хабарланған болатын.

Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны