21.10.2019, 16:15 84395

Қазақстанда Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді

Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Ұлытау өңірінің тарихы мен мәдениеті кесенелерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне енгізу мәселесін пысықтауда.

Алматы. 21 қазан. Kazakhstan Today - Қазақстанда Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлұлының депутаттық сауалына берген жауабында айтылған.

Онда атап көрсетілгендей, қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасын әзірледі.

Онда археологиялық, реставрациялық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, "Алтын Орда" экспедициясын өткізуді қарастыратын бірқатар іс-шаралар жоспарланған.

Мемлекеттік деңгейде республиканың барлық өңірлерін қамтитын ауқымды іс-шаралар өткізілетін болады.

Детутаттың ұсыныстары аталған жоспар жобасында өз көрінісін тауып, бүгіннен бастап олар бойынша жұмыс басталды.

Бірінші. Жақын арада өтетін Нұр-Сұлтан қалалық ономастикалық комиссиясының отырысында елорда көшелерінің біріне Жошы ханның атын беру және ескерткіш орнату мәселелері қарастырылады.

Екінші. Қарағанды облысының әкімдігі 2020 жылы Қарағанды қаласында Жошы ханға ескерткіш орнатуды ұсынып отыр.

Сонымен қатар, осы әкімдік келесі жылы Ұлытау ауданында Жошы ханға ескерткіш орнату мәселесін қарастыратын болады.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 360 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақстанның өңірлік деңгейдегі туристік картасының (ТОП-50) объектілерінің тізімі көзделген. Аталған тізімде "Ұлытау" тарихи-мәдени кешені белгіленген, онда жылына шамамен 10 000 адамды қабылдай алатын көрнекі орындар, туристік бағыттар мен музей бойынша экскурсиялар туралы ақпаратты қамтитын туристік қызметтер ұсынылатын болады. Кешенге Алтын Орда кезеңіне жататын Жошы хан, Алаша хан және Домбауыл кесенелері кіреді.

Үшінші. Мәдениет және спорт министрлігі ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу және Жошы хан мен Алаша хан кесенесінің аумағын абаттандыру мәселесін пысықтауда.

Жошы хан кесенесіне жақын орналасқан Жошы ордасы қалашығына зерттеу жүргізіліп, Ұлытау өңірінің археологиялық картасы дайындалады, сонымен қатар ҚХР, Иран және Түркия архивтерінен алынған деректер негізінде Сарайшық қалашығына байланысты құжаттар жинағы шығарылады.

Мәдениет және спорт министрлігі Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп 2020-2022 жылдары қосымша бірқатар археологиялық, этнографиялық, антропологиялық, ғылыми-зерттеу және басқа да жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.

Төртінші. Ұлытау өңірінің туристік әлеуетін дамыту үшін алдағы жылы "Алтын Орда" экспедициясын өткізу, Ұлытау өңірінде республикалық маңызы бар Алаша хан, Жошы хан, тарихи және мәдени ескерткіштерінің аумағында визит-орталығы мен этноауыл құру жоспарлануда. Туристік маршруттар мен соқпақтар әзірленіп, кемпингтік тұрақтар, туристерге баратын жерлерде санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылады.

Баспасөз турлары аясында Жошы ханның кесенесін шетел журналистері баратын объектілер қатарына енгізу бойынша күш жұмсалмақ. Барлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша шетелдік БАҚ-та, "The Astana Times" газетінде ағылшын тілінде, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің интернет-ресурстарында және мемлекеттік органдардың ресми порталдарында жарияланымдар шығады.

Қарағанды облысының әкімдігі Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Арқалық қалалары мен Ұлытау ауданы орталығы арасындағы жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Алматы-Жезқазған, Шымкент-Жезқазған бағыттары бойынша авиарейстерді іске қосу мәселесі пысықталуда.

Бесінші. Білім және ғылым министрлігі Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында айында "Жошы Ұлысы тарихының мәселелері" атты тарихшылардың VII Ұлттық конгресін өткізеді. Аталған халықаралық конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар қатысады, сондай-ақ оның қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында бірқатар мақалалар шығарылады.

Ағымдағы жылы өңірлік деңгейде Тараз, Атырау және Қарағанды қалаларында ғылыми конференциялар өткізу жоспарлануда, олар 2020 жылы Ақмола облысының Бурабай ауылында және Өскемен және Павлодар қалаларында жалғасады.

Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Ұлытау өңірінің тарихы мен мәдениеті кесенелерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне енгізу мәселесін пысықтауда.

Баяндалғанның негізінде Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында, делінген Асқар Мамин қол қойған хаттың мәтінінде.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны