07.03.2022, 17:15 22686

ҚР Президенті әйелдерді 8 Наурыз мерекесімен құттықтады

ҚР Президенті әйелдерді 8 Наурыз мерекесімен құттықтады
НҰР-СҰЛТАН. 7 НАУРЫЗ - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қымбатты ханымдар! Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осынау шуақты көктем мерекесі әсемдік пен әдеміліктің, мейірім мен махаббаттың символына айналды. Халқымыздың «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөзінің терең мән-маңызы бар", - деп айтты Президент.


Қазақстанда әйелдерге барлық жағдай жасалған. Олар білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт,  өндіріс пен құқық қорғау және басқа да салаларда табысты еңбек етуде. Мемлекеттік органдар мен ірі компанияларда басшылық қызмет атқаратын немесе бизнес саласында кәсібін өркендетіп жүрген әйелдеріміз аз емес. Қыз-келіншектер еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене атсалысуда.

Өскелең ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие беру ісінде әйелдер айрықша рөл атқарады. Асыл аналардың еңбегі қандай құрметке де лайық", - деп қосты Тоқаев.


Кез-келген істе әйелдердің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі айқын аңғарылады. Олар барлық ортада үндестік пен үйлесімді, өзара түсіністік пен татулықты нығайтуға ұйытқы болады.

Біздің еліміз саяси өзгерістер мен жүйелі жаңғыру кезеңіне қадам басты. Осы орайда, әйелдер қауымының жасампаздық қасиеті мен күш-қуаты Жаңа Қазақстанның ілгерілеуіне септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!", - деп айтты мемлекет басшысы.      

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны