18.12.2019, 22:24 52679

Қазақстан Президентінің атына еліміздің Тәуелсіздік күніне орай жолданған құттықтау жеделхаттар келіп түсуде

Өзінің құттықтау хатында Жапония Императоры Нарухито Қасым-Жомарт Тоқаевқа бақ-дәулет, ал Қазақстан халқына өркендеу тіледі.

Алматы. 18 желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан Президентінің атына еліміздің Тәуелсіздік күніне орай жолданған құттықтау жеделхаттар келіп түсуде.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері атынан құттықтау жеделхаттары толассыз келіп түсуде.

Өзінің құттықтау хатында Жапония Императоры Нарухито Қасым-Жомарт Тоқаевқа бақ-дәулет, ал Қазақстан халқына өркендеу тіледі.

Германия Президенті Франк Вальтер-Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай келе: "Қазақстанда тұратын этникалық немістер біздің елдеріміздің арасында "көпір" орнатты. Сіздің еліңіз бен аймағыңыздың болашағы диалогқа, реформаларға және ашықтыққа бағытталған. Бұл ретте Германия болашақта да Сіз үшін сенімді серіктес болып қала береді", - деп жазған.

Иордания Королі Абдалла II өзінің халқы мен үкіметі атынан елімізге үздіксіз прогресс пен өркендеу тіледі.

Италия Президенті Серджо Маттарелла: "Уақыт өте келе қалыптасқан саясат, экономика және мәдениет саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Біздің байланыстарымыз Нұр-Сұлтан мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастардың аясында да одан әрі дами беретініне сенімдімін", - деді жеделхатта.

Польша Президенті Анджей Дуда Қазақстанның Орталық Азиядағы ең маңызды серіктес екенін атап өткен. "Біздің мемлекеттеріміздің тығыз байланыстары артып келеді. Польша Қазақстанның әлемдік аренадағы белсенділігін, әсіресе, Орталық Азиядағы қауіпсіздік, ядролық қару таратпау және мәдениетаралық диалог мәселелеріне қатысты ұстанымын жоғары бағалайды", - деп жазған жеделхатта.

Израиль Президенті Реувен Ривлин Тәуелсіздік күніне арналған құттықтауында, екі ел арасындағы инновациялық және технологиялық байланыстардың артып келе жатқанын атап өткен.

Финляндия Президенті Саули Ниинистё Қасым-Жомарт Тоқаевқа сәттілік пен зор денсаулық, ал Қазақстан халқына бейбітшілік және гүлдену тіледі. "Елдеріміз арасында бұрыннан қалыптасқан өте жақсы достық қарым-қатынасымызды одан әрі нығайта түсуге ниеттіміз", - делінген жеделхатта.

Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми қызметіне және Қазақстан халқына жарқын болашақ тіледі. Ули Маурер қыркүйектің 24 күні Нью-Йоркте және қарашаның 22-інде Нұр-Сұлтанда болған кездесулерге ризашылығын білдірді. "Біздің кездесулеріміз елдеріміздің арасындағы достық байланыстарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Швейцария екі тараптың да игілігі үшін Қазақстан Республикасымен берік қарым-қатынастарды сақтауға ниетті", - деп жазылған.

Сербия Президенті Александр Вучич өзінің құттықтау жеделхатында: "Сіздің өз ісіңізге адалдығыңыздың арқасында еліңіз Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салып кеткен сара жолдан айнымай дамып келеді. Осыған құрметім шексіз. Жолдауыңызда Конструктивті және қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі, деп атап өткенсіз", - деп жазған жеделхатта.

Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Ол Моңғолия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастардың дамуын атап өтті. "Алдағы уақытта да саяси қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтып, ең жоғары деңгейлерде өзара сапарлармен белсенді және жүйелі түрде алмасатын боламыз", - деп жазған жеделхатында.

Сондай ақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттарын Бахрейін Королі Шейх Хамад бен Иса Әл Халифа, Литва Президенті Гитанас Науседа және Румыния Президенті Клаус Вернер Йоханнис жолдаған.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан халқын ұлттық мерекесімен құттықтады.

"Біз бүгінде халықаралық ынтымақтастық бұрынғыдан да аса қажет қиын заманда өмір сүріп жатырмыз. "Біз, БҰҰ халқы" бейбітшілік, тұрақты даму және адам құқығы аясында ізгі ниетпен біріге алсақ, бұдан бүкіл әлем ұтады", - делінген құттықтау жеделхатында.

Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдель Азиз Әл Сауд Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған құттықтауында: "Достас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруін, Сізге зор денсаулық және бақыт тілеймін",- деп жазған.

Франция Президенті Эмманюэль Макрон француз халқының атынан Қазақстанға бақ-береке тілеген.

"Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың жоғары дәрежеде екенін ерекше атап өткім келеді. 2018 жылдың 18 қазанында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен Брюссельде өткен Еуропа-Азия саммитінің аясында кездескенімізде экономиканың үш басым бағыты бойынша, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және тағам өндірісі, цифрлы даму, энергия көздерін жаңарту салаларында ынтымақтаса жұмыс істеуге уағдаласқанымызды білесіз. Енді осы салалардағы бастамаларымызды бірге іске асыруымыз керек. Ол үшін алдағы он жылға бағытталған стратегиялық әріптестіктің жол картасын бірлесіп анықтасақ жөн болар еді. Бұл біздің бірлескен жаңа жобаларымыздың іске асуына көп септігін тигізеді", - деп жазады Франция Президенті.

Эмманюэль Макрон Қазақстанның ұжымдық қауіпсіздік және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану секілді бастамаларын қолдайтынын айтқан.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық даму, тұрақтылық пен ұлттық келісімді қамтамасыз ету бойынша зор жетістіктерге жеткенін атап өтті.

"Жаһандық қауіпсіздікке, Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді тереңдетуге, өркениетті қоғам құруға маңызды үлес қосып отырған Қазақстан халықаралық байланыстарда абыройлы мемлекет ретінде беделін нығайтты. Өзара сенімге, қолдауға және тығыз серіктестікке негізделген дәстүрлі Беларусь-Қазақстан достық қатынастары алдағы уақытта да екі елдің игілігі үшін арта береді деп сенемін", - делінген жеделхатта.

Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне орай Грузия Президенті Саломе Зурабишвилиден, Молдова Президенті Игорь Додоннан, Египет Араб Республикасының Президенті Абдель Фаттах Ас-Сисиден, Армения Премьер-Министрі Никол Пашиняннан, Сауд Арабия Корольдігінің Тақ мұрагері, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қорғаныс министрі Мухаммад бен Салман Абдель Азиз Әл Саудтан, Татарстан Президенті Рустам Миннихановтан құттықтау хаттар келді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны